Қазақстанның басым бөлігінде 3 маусымда жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Алайда батыс өңірлерде, сондай-ақ оңтүстік пен оңтүстік-шығыстың кей жерлерінде жаңбыр жауып, найзағай ойнап, жел күшеюі мүмкін. Бұл туралы "Қазгидромет" хабарлады.
Синоптиктердің болжамынша, елдің оңтүстігінде аптап ыстық сақталып, ауа температурасы +35…+37 градусқа дейін көтеріледі. Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде де күн жылы болып, термометр бағаны +29…+35 градусты көрсетеді.
Астанада ауыспалы бұлтты ауа райы күтіледі, жауын-шашын болмайды. Күндіз ауа температурасы +29…+31 градусқа дейін жетеді.
Алматыда күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің күшеюі болжанып отыр. Ауа температурасы күндіз +29…+31 градус болады.
Шымкентте өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі. Сонымен қатар желдің күшеюі болжанған. Күндіз ауа температурасы +34…+36 градусқа дейін көтеріледі.
Батыс Қазақстан өңірлерінде ауа райы құбылмалы болады. Ақтөбе, Атырау және Орал қалаларында жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Оралда бұршақ пен дауыл болуы мүмкін.
Қызылорда облысында жауын-шашын күтілмейді. Алайда күндіз шаңды дауыл соғып, жел күшейеді.
Синоптиктер тұрғындарға ауа райының өзгерістерін ескеріп, әсіресе найзағай, дауыл және қатты жел кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.