Қытайда жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматы Махмұтхан Шерназаров адам өліміне әкелген төбелеске қатысы бар деген күдікке ілікті. Оқиғаға қатысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ақпаратты растап, азаматқа консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, Қытайда жұмыс істеп жүрген қазақстандық Махмұтхан Шерназаров бірнеше адамның шабуылына ұшыраған. Бұл туралы Threads желісіндегі Kain_ar қолданушысы жазды.
Оның айтуынша, оқиға кезінде Махмұтханға бірнеше адам жабылып, күш қолданған. Алайда жанжал барысында Қытай азаматы қаза болып, қазақстандық төбелеске қатысы бар күдікті ретінде тергеліп жатыр.
"Біз бұл қайғылы жағдайды жоққа шығармаймыз, бірақ оқиғаның қалай өрбігенін дұрыс түсіну керек. Төбелес кезінде Махмұтхан өміріне қауіп төнген соң өзін қорғауға мәжбүр болды. Ол әдейі жоспарлап шабуыл жасаған жоқ және агрессор болған емес", – деп жазды әлеуметтік желі қолданушысы.
Оқиғаға қатысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, Қытайдың құзырлы органдары Қазақстанның Гуанчжоу қаласындағы Бас консулдығына ресми хабарлама жолдаған.
"Қытай Халық Республикасының Гуандун провинциясының Қоғамдық қауіпсіздік басқармасынан Қазақстанның Гуанчжоу қаласындағы Бас консулдығына ресми хабарлама келіп түсті. Қазақстан азаматы денсаулыққа қасақана зиян келтірді деген күдікке іліккен", – деп хабарлады министрлік.
Сыртқы істер министрлігі қазіргі уақытта қосымша ақпарат алу үшін Қытайдың құзырлы органдарына ресми сұрау жолдағанын мәлімдеді. Сонымен қатар қазақстандық дипломаттар Махмұтхан Шерназаровтың туыстарымен тұрақты байланыс орнатып, қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр.
Әзірге Қытай тарапы оқиғаның нақты мән-жайы мен тергеу нәтижелері туралы толық ақпарат жариялаған жоқ. Іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.