Мамырда Ақмола облысының Қошқарбаев ауылында болған көкпар кезінде 14 жастағы бала қайтыс болғаннан кейін облыстық полиция департаменті әлі тексеру жүргізіп жатыр.
Әзірге "Жаппай көкпар" федерациясы спорттық шараны Нәрікбаев атындағы КАЗГЗУ университетінің жер учаскесінде жергілікті уәкілетті органдардың келісімінсіз өткізгені белгілі. Сондай-ақ, Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің 15 маусымдағы бұйрығымен "Жаппай көкпар" федерациясының аккредиттеу куәлігі 1 ай мерзімге тоқтатылған. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның мәжіліс депутаттарына берген жауабынан белгілі болды.
Министрдің айтуынша, оқиғадан соң Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына өңірдегі жаппай көкпар спортын қатаң бақылауға алу туралы тапсырма берілген.
Ал облыстық полиция тексеруді аяқтағаннан кейін жауапты тұлғаларға тиісті шара қолданылады.
"Жаппай көкпар" ойыны ел аумағында ресми спорт түрі ретінде танылып, мемлекеттік спорт түрлерінің тізіліміне енгізілді. Өңірлерде көкпар спортынан өткізілетін спорттық іс-шаралар әкімдіктердің рұқсатымен, спорт басқармалары мен аккредиттелген өңірлік федерациялармен келісіліп, бекітілген ережеге сәйкес және жергілікті медицина, ветеринария, полиция қызметкерлерін жұмылдыра отырып, жүзеге асырылады. Өңірлерде көкпар мен жаппай көкпардан ұйымдастырылатын спорттық іс-шараларды өткізу кезінде қоғамдық тәртіп, медициналық және ветеринарлық бақылау, сонымен қатар, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету жергілікті әкімдіктердің тарапынан қатаң бақылауға алынған", – деді Аида Балаева.

