Әлеуметтік желіде Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытовтың бейнесімен киімдер шыққаны туралы жарияланған пост желі қолданушыларының түрлі пікірін туғызды. Суреттерде тұлғалардың көзі салынбаған.
Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз ұстанымын жариялады.
"Мұндай киімдер жеке кәсіпкерлердің сату мақсатында жасап жатқан дүниелері болуы мүмкін. Алайда ұлт қайраткерлерін бұлай мансұқтауға болмайды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Алаш арыстарының көзі жасырылған киімдерді шығарып, сатудың дұрыс емес екенін мәлімдейді", – деп жазды ҚМДБ өкілі Ағабек Қонарбайұлы.
Оқи отырыңыз: Трансплантация жасауға бола ма? Ғұламалар кеңесінің пәтуасы
Сондай-ақ, шариғатта тірі жанның көзін салмай, бейнесін ғана салуға болады деген пәтуа жоқ екені және мүфтияттың бұған қатысты пәтуа шығармағаны жазылған.
"Арыстарымызды бұлай "дәріптеуге" жол берілмеуі тиіс. Ел үшін жанын пида еткен Ахмет, Міржақып, Шәкәрім, Мағжан, Жүсіпбек секілді қайраткерлеріміздің асыл бейнелерін қорлауға болмайды. Мұндай әрекеттер – ұлт қаймақтарына деген құрметсіздік. Қазіргі уақытта адамдардың, жануарлардың, басқа да тіршілік иелерінің суреті салынған киімдер шығып жатыр. Асыл дініміз мұндай киімдерді шығаруға қарсылық білдірмейді. Алайда тірі жанның суреті салынған киіммен намаз оқымаған абзал. Мұндай киіммен намаз оқу – мәкруһ", – деп жазды ҚМДБ өкілі.