Түркістан облысында екпе алған сегіз айлық сәби бір тәулік ішінде көз жұмды. Қайғылы жағдайдан кейін ата-аналар баланың өлім себебі әлі күнге дейін анықталмағанын айтып, дабыл қағып жатыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Сәбидің анасы Майра Жұмашеваның айтуынша, олар сегіз жыл күткен перзентіне пневмонияға қарсы екпе салдырған. Вакцина егілгеннен кейін жарты сағат ішінде баланың жағдайы күрт нашарлап, құсып, әлсірей бастаған. Ата-анасы дереу Сарыағаш аудандық орталық ауруханасы-на жеткізгенімен, қажетті көмек уақытында көрсетілмеді деп отыр.
"Сап-сау баламнан бір күнде айырылдым. Екпеден кейін жағдайы бірден нашарлады. Дәрігерлер нақты жауап бермеді", – дейді анасы.
Алайда арада төрт ай өтсе де, сәбидің нақты неден көз жұмғаны ресми түрде жарияланбаған.
Тұрғындардың айтуынша, бұл – жалғыз жағдай емес. Жыл басынан бері осы медициналық мекемеде бірнеше бала көз жұмған. Ата-аналар дәрігерлердің салғырттығына шағымданып, тиісті шара қабылдауды талап етіп жатыр.
Өз кезегінде аурухана өкілдері кейбір медицина қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді. Бас дәрігердің орынбасарының айтуынша, тексерулер жүргізіліп, мұндай жағдайларды болдырмау үшін қосымша шаралар қолға алынған.
Дегенмен, баласынан айырылған ата-аналар емдеу мекемесіне толық тексеріс жүргізіп, жауапты тұлғаларды қатаң жазалауды талап етіп отыр.
USD:
464.9 / 467.7
EUR:
544.5 / 549.5
RUB:
6.03 / 6.15