Астанада ақылы автотұрақтардың тарифтері қайта қаралып, олардың саны көбейтілуі мүмкін. Бұл туралы елорда әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұған дейін ақылы автотұрақтарды әкімдікке тегін негізде беріп отырған компания оңалту кезеңінде болған. Қазіргі уақытта соттың оңалтуды тоқтату туралы шешімі күшіне еніп, тараптар арасында қосымша келісімге қол қойылған.
"Келісім алдағы күндері толық рәсімделеді деп отырмыз. Қазіргі уақытта нақты табыс туралы айту қиын, бірақ бұрынғы жылдары айыппұлдармен бірге 5 млрд теңгеден астам кіріс әкелген", – деді Ерсін Өтебаев.
Әкім орынбасарының сөзінше, қала аумағы ұлғайып, көлік саны артқан сайын ақылы тұрақтар желісі де кеңейтіледі. Әсіресе халық тығыз орналасқан аудандар мен сол жағалауда тарифтердің қымбаттауы мүмкін екенін айтты.
Сонымен қатар ақылы тұрақтардың жұмыс істеу ережелері де қайта қаралады. Қала билігі демалыс күндері тұрақтарды тегін ету мәселесін қарастырып жатыр. Ал әлеуметтік нысандардың маңындағы тұрақтар бұрынғыдай тегін болады.
Әкімдік өкілдері жаңа өзгерістер жол қозғалысын реттеуге және көлік кептелісін азайтуға бағытталғанын атап өтті.