Өзбекстанның Мойнақ қаласының маңында, Арал теңізінің құрғаған табанында дәстүрге айналған Ultimate Man 2026 байқауы өтіп, оған Өзбекстаннан бөлек, Қазақстан, Ресей және Беларусьтің азаматтары да қатысты.
Сайыс 175 қатысушының басын қосты. Олар жолда түрлі кедергілер тосатын 5 және 10 шақырымдық жарыс жолында жекелей және топтық сынға түсті. Мұндай кедергілердің қатарында қатысушылар Crossing, Iron rings, Giat steps, Tarzan, Monkey bars, Military wall, Peg board сынды түрлі сынақтарды еңсерді.
Бұл ретте жарыс ұйымдастырушылары Аралқұм шөлін бекер таңдаған жоқ. Аптап ыстық пен табанды қыздыратын құм жарысқа қатысушылар үшін ең басты кедергіге айналып, олардың ерік-жігерін жани түсті.

Турнирде жекелей жарысқа 75 адам қатысса, олардың 33-і 5 шақырымдық жарыс жолында жеңіске таласса, 16-сы 10 шақырымдық жолда сынға түсті. Қалған атлеттер Open санатында, яғни уақытты есепке алмай жарысты.
Ал командалық жарысқа 100 адамнан жинақталған 25 команда қатысты. Оның ішінде 5 шақырымдық жарыс жолына 8 команда түссе, 17 команда 10 шақырымдық жарыс жолын таңдады. Төрт адамнан құраған әрбір команданың бір мүшесі – әйел болды.
Турнирдің жалпы жүлде қоры биыл рекордтық мәнге ие болып, 285 000 000 сумды құрады. Бұл – шамамен 10 миллион теңге. Ерекше атап өтер жайт, турнирдің старттық пакеттерін сатудан түскен табыс түгелдей Мойнақ өңірін таза ауыз суымен қамтуға жұмсалады.

"Жарыс барысында біз төрт елден келген қатысушылардың дайындық деңгейінің өте жоғары екенін көрдік. Алайда жобаның миссиясы тек спорттық рекордтармен шектелмейді: ол Өзбекстанда функционалдық спорт түрлерін дамытуға және Мойнақтың әлемдік деңгейдегі іс-шараларды өткізу алаңы ретіндегі туристік әлеуетін ашуға бағытталған. Әсіресе, бұл іс-шара тәжірибе алмасу мен байланыстарды нығайтатын орын ғана емес, сонымен қатар өңір тұрғындарына әлеуметтік пайда әкелетін жоба болғаны маңызды", – деп атап өтті турнирдің ұйымдастырушылары.
Турнир жеңімпаздары:
Әйелдер (5 шақырым, элит):
1-орын: Бричкалевич Ника;
2-орын: Алексеёнок Ольга;
3-орын: Алексеева Анастасия.
Әйелдер (10 шақырым, Масс-старт):
1-орын: Татьяна Пехтерева;
2-орын: Светлана Филлипович;
3-орын: Александра Жильцова.
Ерлер (5 шақырым, Масс-старт):
1-орын: Марк Рогалев;
2-орын: Михаил Вавилин;
3-орын: Дмитрий Тельпук.
Ерлер (10 шақырым):
1-орын: Евгений Тривашкевич;
2-орын: Сергей Грицак;
3-орын: Егор Белоусов.