Алматыда Almaty Business – 2030 өңірлік бағдарламасы аясында кәсіпкерлер шағын және микробизнесті дамыту үшін жылдық 6% немесе 9% мөлшерлемемен (ЖТСМ) жеңілдетілген несие ала алады.
Бағдарламаны "Алматы" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының еншілес ұйымы – Almaty микроқаржы ұйымы жүзеге асырады.
Несие шарттары қандай?
Бағдарлама бойынша бір қарыз алушыға берілетін несиенің ең жоғары сомасы 86,5 млн теңгеге дейін.
- Инвестициялық мақсаттарға – 7 жылға дейін;
- Айналым қаражатын толықтыруға – 3 жылға дейін.
Жылдық 6% мөлшерлемемен (ЖТСМ – 6,2%-дан 6,6%-ға дейін) несие арнайы салық режимін қолданатын кәсіпкерлерге, әлеуметтік кәсіпкерлерге, Алматы индустриялық аймағы мен шағын өнеркәсіп парктерінің резиденттеріне, сондай-ақ креативті индустрия, инновациялық инфрақұрылым, жәрмеңкелер, гастрокөшелер және коворкинг орталықтары бағытындағы жобаларға ұсынылады. Ал жылдық 9% мөлшерлемемен (ЖТСМ – 9,5%-дан 9,9%-ға дейін) шағын және орта бизнестің өзге жобалары қаржыландырылады.
Жеңілдетілген несие бағдарламасы мынадай басым салаларға арналған:
- өндіріс және өңдеу өнеркәсібі;
- туризм;
- уақытша орналастыру қызметтері;
- креативті және IT-индустрия;
- мектепке дейінгі білім беру;
- қоғамдық тамақтану саласындағы бірегей жобалар, оның ішінде ұлттық тағам ұсынатын мейрамханалар;
- Алматы тау кластері мен гастрокөшелерді дамытуға бағытталған жобалар.
Бағдарламаға қатысудың негізгі шарты – кәсіпкерлік қызметті Алматы қаласының аумағында жүргізу. Жеңілдетілген несиелеу туралы толық ақпаратты +7 (727) 390-80-42 телефоны арқылы немесе mfoalmaty.kz сайтынан алуға болады.