13-14 мамыр күндері Алматыдағы Koktobe Hall кеңістігінде Орталық Азиядағы ірі сән апталықтарының бірі – Eurasian Fashion Week-тің 11-маусымы өтті. Биылғы маусымның басты тақырыбы – MURA. Silent Codes концепциясы.
Жоба мәдени жады, мұра және адамның заманауи болмысын қалыптастыратын ішкі кодтарды зерттеуге арналды. Дизайнерлер сән тілі арқылы ұрпақтар сабақтастығы, ұлттық жады, ішкі еркіндік, әйел күші және мәдени мұраны жаңаша пайымдау тақырыптарын көтерді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, MURA. Silent Codes — адам бойында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан көрінбейтін белгілер туралы тарих. Маусымның философиялық негізі "Көремін. Естимін. Сөйлеймін" триадасына құрылған:
- Көремін – шындықты көріп, қабылдау;
- Естимін – ішкі дауысты тыңдау;
- Сөйлеймін – сән арқылы өз ойын жеткізу.
Екі күн бойы подиумда Қазақстан, Ресей және Оңтүстік Корея дизайнерлерінің топтамалары ұсынылды. Ұйымдастырушылар бұл маусымды жоба тарихындағы ең ауқымды әрі концептуалды маусымдардың бірі деп атап отыр.
13 мамыр күні MINAVARA, DJADI, VERA SHASHERINA, BLACK BURN, GALIIA, VEGAN TIGER, SUN SERGIO, DELICIA, RINA COLLECTION, HUSL SPORT және TOMOYOV брендтері өз топтамаларын ұсынды.
Маусымның хедайленері атанған оңтүстіккореялық дизайнер Yang Yoona негізін қалаған VEGAN TIGER бренді SOFT MONSTERS топтамасын таныстырды. Коллекция жұмсақтық арқылы күшті қайта пайымдауға арналған. Сонымен қатар дәстүрлі корей қағазы негізіндегі инновациялық Hanji leather материалынан жасалған бұйымдар көрсетілді.

BLACK BURN бренді дизайнер Арай Бектұрсынмен бірге жасаған QARA BURN топтамасын ұсынды. Коллекция Қарағандының индустриялық рухына арналып, жұмыс эстетикасы, этникалық элементтер мен заманауи авангардты біріктіреді.
Қазақстандық MINAVARA бренді сәулеттік пішім, жеңіл силуэттер мен жылтыр текстуралар арқылы заманауи әйел образын ашады. Ал DJADI бренді авторлық деним мен премиум шілтерді үйлестіріп, ішкі еркіндік пен өзіңді қабылдау идеясын көрсетеді.
SUN SERGIO бренді дизайнер Сергей Шабуниннің ішкі екіұдайлық туралы авторлық көзқарасын ұсынады. Топтамада былғары мен жеңіл маталардың үйлесімі арқылы драмалық образдар жасалған.
Сән апталығының екінші күні KIDS FASHION DAY: инклюзия және жас дизайнерлерге арналды. Балалар сәніне арналған блокта UNITED COLORS OF BENETTON KIDS, UKILIM, BELLA SOPROMADZE BRAND, INZHUBABY, AISHÉ және AYLI брендтері қатысты.
BENETTON көрсетілімінде ДЦП және онкологиялық аурулары бар ерекше балалар подиумнан жүріп өтті. Ұйымдастырушылар бұл арқылы инклюзивті қоғам құрудың маңызын көрсетуді мақсат етті.
Сондай-ақ подиумға параспортшылар Қуаныш Асқарбеков пен Итиана Шыңғысханова шықты. Олардың өмірі Kinopark пен Tiger Films түсірген "Ерекше" фильміне арқау болған. Картинадан түскен қаражат мүгедектігі бар балаларды қолдауға бағытталады.
EFW тарихында алғаш рет жас дизайнерлер де өз топтамаларын ұсынды. 13 жастағы Айлин Мәулет AYLI бренді арқылы кешкі көйлектер коллекциясын, ал 12 жастағы Айша Жандарбек AISHÉ брендімен гламурлық іскерлік стильдегі топтамасын таныстырды.
ETHNO FASHION DAY ұлттық код тақырыбына арналып, ұлттық болмыс, мәдени код және этникалық сәнді заманауи тұрғыда қайта пайымдау тақырыбын қозғады. Подиумда REBIRTH, LO ZARATA, INNES, EREN, NURASEM және MALIQUE брендтері көрсетілім өткізді.

NURASEM бренді қазақ ою-өрнегін этно-люкс эстетикасымен ұштастырса, REBIRTH топтамасы әйелдер әулетінің сабақтастығын антикварлық элементтер мен сакралды кестелер арқылы көрсетті.
Ал LO ZARATA-ның "Возрождение истока" коллекциясы адамның тамырымен, ішкі жадымен және мәдени ДНҚ-сымен байланысын философиялық тұрғыда зерттейді.
ETHNO FASHION DAY-ді Милан қаласындағы Marangoni институтының түлегі, Валентин Юдашкиннің шәкірті Малика Усупова негізін қалаған MALIQUE бренді қорытындылады.
EFW жас дизайнерлерді қолдауды басты миссияларының бірі ретінде жалғастырып келеді.
Подиумда Алматы технологиялық университетінде өткен "Жас Өркен 2026" халықаралық байқауының финалистері де өз топтамаларын ұсынды. Көрсетілімді дизайнерлер Қошқарбек Аяулым мен Бектаева Дильназдың DISSONANCE.02 fashion-перформансы ашты. Сонымен қатар Болатова Жұлдызай, Тиышова Гүлзира, Хамидолла Айымжан, Алиакбарова Арайлы, Нұрбекова Айжана және Кенжебек Сырғанымның жұмыстары ұсынылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, EFW бүгінде сән, мәдениет, жаңа есімдер мен халықаралық диалогты біріктіретін Орталық Азиядағы маңызды fashion-платформалардың бірі саналады.