Тікелей эфир

Сара Назарбаева негізін қалаған Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының атауы өзгереді

Институт енді "Өркен" балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты деп аталады.

Ашық НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысының жобасына сәйкес, Қазақстанда Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының атауын өзгертіп, ребрендинг жасау жоспарланып отыр.

Аталған институт 2021 жылы Сара Назарбаева негізін қалаған "Бөбек" қорының жанынан ашылған болатын. Институттың негізгі миссиясы – "Өзін-өзі тану" рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы арқылы елдің адами әлеуетін дамытуға үлес қосу болып келді.


Оқи отырыңыз: "Өзін-өзі танудың" орнына "Өлкетану": Мектептегі оқу пәндеріне өзгеріс енгізу керек пе?


Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты енді "Өркен" балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты деп аталып, ол келесі бағыттағы қызметтерді атқаратын болады:

  • ҚР мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарын балалар мүддесінде іске асыруды қамтамасыз ету, атап айтқанда балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету;
  • балалардың әл-ауқатының негіздерін психологиялық-педагогикалық зерттеуді жүзеге асыру;
  • балаларға қатысты зорлық-зомбылықты диагностикалау бойынша бейімделген құралдарды, инновациялық технологияларды, зорлық-зомбылықтың алдын алу әдістері мен тәсілдерін практикалық қолдану және мемлекетіміздің табысты болашағының сенімді кепілі ретінде өскелең ұрпақты дамыту үшін қолайлы орта құру;
  • баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйым педагогтері мен мамандарының қызметін ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу.

Еске салайық, 2022 жылы "Өзін-өзі тану" рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы заң жүзінде өз жұмысын тоқтатқан болатын.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары