Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин төрағалық еткен Үкімет отырысында азық-түлік инфляциясы мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының қазіргі ахуалы қаралды. Бұл туралы Үкімет хабарлады.
Үкіметтәі мәліметінше, 2026 жылғы сәуір айының қорытындысы бойынша азық-түлік инфляциясы 0,7 пайызды құраған. Ал жылдық көрсеткіш 11,3 пайызға дейін төмендеген. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2025 жылдың желтоқсанында бұл көрсеткіш 13,5 пайыз болған.
"Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі қатарынан үшінші апта бойы нөлдік деңгейде сақталып отыр. Бағаның тұрақталуына Астана және Алматы қалаларындағы өсімнің болмауы әсер еткен. Ал Шымкент пен Түркістан облысы аумағында баға 0,1 пайызға төмендеген. Алматы облысы мен Ақмола облысы өңірлерінде де арзандау байқалған. Бағасы ең көп төмендеген өнімдер қатарында қызанақ (-25,6%), қырыққабат (-18,7%), күнбағыс майы, балық, қарақұмық жармасы мен ұн бар. Алайда пияз бағасы 28,6 пайызға, сәбіз 15,7 пайызға, картоп 10,4 пайызға қымбаттаған", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар Үкімет өнім жеткізу тізбегіндегі тиімсіз делдалдарды азайту және сауда тізбегін ретке келтіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Жыл басынан бері 1,5 мыңнан астам әкімшілік іс қозғалып, 400-ден астам көтерме сауда өкілі жауапкершілікке тартылған.
Отырыста отандық өнімдерді қолдауға арналған пилоттық жобаның нәтижесі де таныстырылды. Nazarbayev University жанындағы Ұлттық аналитикалық орталық пен Magnum сауда желісі жүргізген жоба аясында "Қазақстанда жасалған" белгілері қойылған дүкендерде қазақстандық ірімшік сатылымы 20 пайызға артқан.
Кеңес қорытындысында Серік Жұманғарин бақылау шараларын күшейтіп, өңірлерді арзандатылған астықпен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.