Тікелей эфир

"Мемлекеттік грант механизмі өзгереді". Жоғары және кәсіптік білім беруде қандай өзгерістер болады?

Қазақстанның барлық өңірінде жаңа жоба іске қосылады.

Мемлекет беріп жатқан гранттардың механизмі, моделі өзгереді, деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек "Хабар 24" арнасына берген сұхбатында.

"Енді біз республикалық және өңірлік деңгейде өңірлік мемлекеттік тапсырыстарды жаңа модельмен жасайтын боламыз. Қазір халықтың табысын арттыру туралы бағдарлама қабылданған. 2025 жылға дейінгі кешенді жоспар. Сол жоспардың ішінде "Мамандығым – болашағым" деген арнайы бағыт бар. Енді өнідірістер, жұмыс берушілер, зауыт-фабрикалар, бизнес нақты өздерінің талаптарын өңірлік мамандықтар атластарында жариялайды: қандай маман керек, қандай сұраныс бар, үш-бес жылда технологиялық жаңарту бағдарламаларын қай бағытқа бағыттайды, жаңа қандай дағдылар мен мамандықтар керек болады? Ал колледжер мен жоғары оқу орындары, әсіресе өңірлік жоғары оқу орындары оқу бағдарламаларын сол талаптарға, өңірлік атластарға сәйкес жаңғыртады", – деп түсіндірді Саясат Нұрбек.


Оқи отырыңыз: Саясат Нұрбек: Диплом таратумен айналысатын университеттер жабылады


Министр бұған Павлодарда екі жыл бұрын қосылған пилоттық жобаны мысалға келтірді.

"Мысалы, екі жыл бұрын Павлодарда тұңғыш өңірлік атлас жасалып, соған сәйкес 15 колледж бен 2 университет 25 жаңа оқу бағдарламасын пысықтап, 805 баланы қабылдады. Ол бағдарламалар тікелей "Павлодар алюминий", "Қазақстан электролиз", "Ақсу" металлургия комбинаттарының тапсырысымен жасалған. Биыл 102 тұңғыш түлегіміз шықты. 100 пайыз жұмыспен қамтылды. Яғни, тікелей тапсырыспен тікелей бағдарлама жасалады да, сол жұмыс орнына барып жұмыс істейді", – деп толықтырды министр.


Оқи отырыңыз: "Мектепті шармен безендіруге болмайды". Биыл алғашқы қоңырау қалай өтеді?


Саясат Нұрбек енді осы жоба Қазақстанның барлық өңірінде іске қосылатынын жеткізді.

"Енді осы пилоттық жоба бүкіл өңірге таратылып, әр өңірде өзінің өңірлік атласы жасалады. Қазір өңірлік стандарт деген модель шығарып жатырмыз. Осы модельмен жұмыс істеп, келесі екі-үш жылда бүкіл жоғары оқу орнын осы модельмен оқытып, пысықтап, оқу бағдарламаларын еңбек нарығын талабымен сәйкестендіреміз", – деді Саясат Нұрбек.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары