Amanat партиясы елордадағы жүк тасымалдаушылар тап болған жаппай айыппұл мәселесін шешуге белсенді түрде атсалысты. Күрделі жағдай өткен жылдың қыркүйек айында жол қозғалысын бақылаудың автоматтандырылған "Сергек" жүйелері ауыр жүк көліктері жүргізушілерінің құқық бұзушылықтарын жаппай тіркей бастаған кезде туындады.
Мәселенің басты себебі – заңнамада ауыр жүк көліктерінің бірінші және екінші жолақтармен жүруіне қойылған шектеу болды. Бұл талап құрылыс нысандарына қызмет көрсететін арнайы техниканың еркін қозғалуына іс жүзінде мүмкіндік бермей, тасымалдаушыларды өз жұмысын атқару үшін жол қозғалысы ережелерін бұзуға мәжбүр етті.
Мәселенің ауқымы күн санап ұлғайып, кәсіпкерлер мен жүргізушілерді қаржылық қиындыққа тірей бастады. Ірі габаритті жүк тасымалдаушылар қауымдастығы филиалының директоры Марат Өсербековтың айтуынша, жүргізушілер алғашында айыппұлдардың не үшін келе бастағанын түсінбеген.
"Күнделікті жұмысымызды атқарып жүрген кезде айыппұлдар бірінен кейін бірі келе бастады. Әр жүргізушіге салынған айыппұл көлемі 200 мың теңгеден асып, кейбір жағдайларда 1 миллион теңгеге дейін жетті. Кейбір әріптестеріміз жұмыс ауысымы аяқталғаннан кейін бір-екі сағаттың ішінде бірнеше рет құқық бұзушылық ретінде тіркеліп, жүздеген мың теңге көлемінде айыппұл алды", – деді Марат Өсербеков.
Бюджет алдындағы берешектің күн сайын артуына байланысты көптеген жүргізушілер өткен жылдың 17 қарашасында жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Қаржылық ауыртпалықты азайту үшін адамдар түрлі шараларға барды.
"Айыппұлдар тоқтаусыз келе берген соң, көліктерімізді тұраққа қоюға мәжбүр болдық. Отбасымызды қалай асыраймыз деп алаңдадық. Кейбір жүргізушілер айыппұлдарды уақытында төлеу үшін микронесие алуға мәжбүр болды", – дейді тасымалдаушылар.
Кәсіпкерлердің уәкілетті мемлекеттік органдарға тікелей жүгіну әрекеттері ұзақ уақыт бойы нәтиже бермеді. Тығырыққа тірелген тасымалдаушылар мыңнан астам азамат қол қойған ұжымдық өтінішті Amanat партиясына жолдады.
Партия бұл мәселеге жедел ден қойды. Amanat партиясының Астана қалалық филиалы жағдайды ерекше бақылауға алып, тараптар арасындағы мәселеде медиаторлық рөл атқарды. Партияның бастамасымен дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оған салалық мемлекеттік органдардың өкілдері, салалық ұйымдар мен тәуелсіз сарапшылар қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар қалыптасқан жағдайды жан-жақты талқылап, қолданыстағы шектеулердің жүк тасымалы саласына әсерін саралады. Сонымен қатар заңнаманы жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар әзірленді.
Партияның араласуы мен сындарлы диалогтың нәтижесінде мәселе толық шешімін тапты: ауыр жүк көліктеріне қатысты құқық бұзушылықтарды тіркеу және айыппұл салу тоқтатылды. Бұл елордадағы жүк тасымалдаушыларының қалыпты жұмыс режиміне қайта оралуына және әлеуметтік шиеленісті төмендетуге мүмкіндік берді.
Өз кезегінде жүргізушілер мемлекеттік органдар мен сала өкілдері арасында ашық диалог орнатуға ықпал етіп, мәселенің оң шешілуіне қолдау көрсеткені үшін Amanat партиясына алғысын білдірді.