БҰҰ Балалар қоры жасөспірімдердің психикалық денсаулығын қорғауға бизнесті тартады

Фото: ЮНИСЕФ қоры
Фото: ЮНИСЕФ қоры
Қор UNICEF Gala кешін биыл Алматыда алғаш рет өткізуді жоспарлап отыр.

Биыл 28 қарашада Алматыда алғаш рет "Шексіз армандар" атты қайырымдылық UNICEF Gala кеші өтеді. Жиналған қаражатқа қор 50 500 маманды оқытып, бүкіл ел бойынша 140 мың жасөспірімді қамтуды, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар 10 мыңға жуық жасөспірімге жедел мамандандырылған қолдау көрсетуді жоспарлап отыр. Бұл туралы қор өкілдері Алматыда өткен таныстыру шарасы аясында хабарлады. 

Шарада ЮНИСЕФ пен Алматыдағы The Ritz-Carlton ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл қайырымдылық шарасы аталған қонақүйде тегін өткізілетінін білдіреді.

Фото: ЮНИСЕФ қоры

Gala кешін стендап-комик Нұрлан Сабуров және fashion-кәсіпкер Динара Сәтжан жүргізеді. Ал кештің музыкалық хедлайнері – ұлттық сарын мен заманауи үнді үйлестірген хиттердің авторы, жаңа қазақстандық сахнаның ең жарқын әртістерінің бірі ALEM болмақ. Сонымен қатар, әнші және халықаралық байқаулардың лауреаты Александр Лим де өнер көрсетеді. 

"Алматы бүгін ЮНИСЕФ-тің гала-кештерін өткізудің жаһандық дәстүріне ресми түрде қосылып отыр. Бұл – қауымдастықтың қолдауға мұқтаж жандар үшін бас қосатын "жылу жинау" дәстүрінің заманауи көрінісі. Біздің мақсатымыз – ешбір баланың немесе жасөспірімнің арманы жалғыздық пен қолдаудың жоқтығынан үзілмеуі", – деп мәлімдеді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Рашед Мустафа.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда әкелердің бала тәрбиесіне қатысу деңгейі артты – MICS зерттеуі


Еске салайық, былтыр Астанада өткен ЮНИСЕФ-тің қайырымдылық кешінде 92 млн теңгеден астам қаражат жиналды. Бұл қаражат цифрлық инклюзия бағдарламасына бағытталып, нақты жабдықтарды жеткізуге және мамандарды оқытуға жұмсалды. 

"Осы қаражатқа ЮНИСЕФ Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарындағы мектептерге планшеттер, ноутбуктер, бейімделгіш функциялары бар смартфондар, Брайль дисплейлері, арнайы пернетақталар, баламалы коммуникация қосымшаларына лицензиялар және басқа да құрылғылар жеткізді, сондай-ақ мыңнан астам педагог пен ассистентті даярлаудан өткізді", – делінген қордың хабарламасында. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары