Ақтөбе облысында соққыға жығылған 16 жастағы жеткіншек мүгедек болып қалды. Анасының айтуынша, оқушыны бір топ бала жабылып, тепкіге алған. Оңбай таяқ жеген жәбірленушінің бір жақ бас сүйегі сынып, оған эпилепсия диагнозы қойылған. "Ұлым денсаулығынан айырылды" деген ана кінәлілердің қылмыстық жауапкершілікке тартылуын талап етеді, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
"Сөйлей алмайды, есін білмейді. Сол кезде жедел жәрдемге қоңырау шалдым. Балам фельдшердің көз алдында тырысып қалды. Аузынан көбік ақты. Баланы зембілге салып, фельдшер екеуміз Мұғалжар аудандық ауруханаға жеткіздік. Балам комаға түсті", – дейді жәбірленушінің анасы Айнұр Ертуғанова.
Анасының айтуынша, ұлы көрші балалар сөзге келіп қалған кезде араша түскен. Екі күннен кейін сол оқушылардың бірі ағаларын ертіп келіп, кек алу мақсатында түн ішінде баласын үйден шығарып алып, жабылып ұрған. Бірақ оның айтуынша, тек біреудің ата-анасы ғана айыппұл төлеп, қалғандары жазадан сытылып кеткен.
Оқи отырыңыз: Шерзат Полат ісі: айыпталушы Абзал Шынасыл түрін көрсетуге қарсы болмады
"Іс қайта қозғалуын талап етемін. Өйткені мен 100 пайыз сенемін – Мұғалжар полиция бөлімі мен Мұғалжар прокуратурасы істі заңсыз жапты. Топ бала бола тұра, жауапкершілікті тек бір баланың мойнына ілді. 13 жаста болғандықтан, ол 14-ке толмаған деп іс қозғалмады. Заң бойынша жауапкершілікті ата-анасы көтеруі керек. Ақырында істі қысқартып тастады", – дейді дейді жәбірленушінің анасы Айнұр Ертуғанова.
Сап-сау жүрген тоғызыншы сынып оқушысына эпилепсия диагнозы қойылып, үшінші топтағы мүгедектік берілген. Дәрігерлер оның сынған бас сүйегін алып тастапты. Соның салдарынан жеткіншек жиі талып қала береді. Ал полиция қылмыстық істі қайта қозғауға негіз жоқ деп отыр.
"Күдіктілер оқиға кезінде 14 жасқа толмағандықтан, қылмыстық іс қысқартылған болатын. Сонымен қатар жасөспірімдердің ата-аналары ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Іс кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияда қаралып, оқушылар есепке алынды", – деп түсіндірді Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Дәрігерлердің айтуынша, қатты соққы алған баланың басына титан қойылмаса, жағдайы одан әрі нашарлауы мүмкін. Алайда мұндай күрделі медициналық қызмет елімізде көрсетілмейді. Ал алты баланың анасы Айнұр Ертуғанова тұңғышын шетелде емдетуге мүмкіндігі жоғын айтады.
Оқи отырыңыз: Мысыр әуежайында қаза болған қазақстандық әйелдің денесі елге қашан жеткізіледі
USD:
505.5 / 508.5
EUR:
587.5 / 592.5
RUB:
6.47 / 6.59