Алматыда сегізінші қабаттан құлап, ауыр жарақат алған 13 жастағы жасөспірім аман қалды. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін бірнеше күн бойы күресіп, төрт ота жасаған. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жасөспірімді жедел жәрдем бригадасы №1 қалалық балалар клиникалық ауруханасына жеткізген. Ол шамамен 24 метр биіктіктен құлаған.
"Жасөспірімді жедел жәрдем бригадасы №1 қалалық балалар клиникалық ауруханасына жеткізген. Ауруханаға түскен кезде оның жағдайы аса ауыр болған", – делінген ведомство хабарламасында.
Дәрігерлер төрт рет ота жасады
Дәрігерлер баланың бас-ми жарақатын алғанын, миы соғылғанын, қол-аяғы бірнеше жерден сынғанын анықтаған. Сондай-ақ кеуде және құрсақ қуысы ағзалары зақымданып, травматикалық шок болған. Жасөспірім бірден анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөліміне жатқызылды. Жарақаттардың толық көлемін анықтау үшін басынан аяғына дейін компьютерлік томография жасалған.
Аурухананың реанимация бөлімінің меңгерушісі Медетали Мәкілбековтің айтуынша, дәрігерлер баланың өмірлік маңызды ағзаларының жұмысын тұрақтандыру үшін шұғыл ем жүргізген. Алғашқы екі тәулікте реаниматологтар жасөспірімнің жағдайын тұрақтандыруға күш салды. Кейін оған ота жасалды. Үшінші күні науқас жан сақтау бөлімінен травматология бөліміне ауыстырылды.
Жалпы, травматологтар мен реаниматологтардан құралған медициналық топ төрт ота жасаған. Барлық операция сәтті өткен. №1 балалар қалалық клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Құрметбек Тоқтардың айтуынша, сегізінші қабаттан құлаған баланың аман қалуы – дәрігерлер үшін үлкен жетістік.
"Сегізінші қабаттан құлау – өте ауыр жарақат. Баланың аман қалуының өзі үлкен жетістік. Біздің команда бірден қажетті медициналық көмек көрсетуге кірісті. Жарақаттардың сипаты мен ауырлығын ескере отырып, төрт ота жасау туралы шешім қабылданды. Барлық операция сәтті өтті. Қазір науқастың жағдайы оң болжам жасауға мүмкіндік береді", – деді ол.
Дәрігердің сөзінше, жасөспірімге әлі де ем қабылдап, қалпына келу және оңалту шараларынан өту қажет.