Алматы ауасының 60%-ын автокөліктер ластайды. Тағы қандай нысандардан зиянды түтін шығады

Фото: Алматы әкімдігі
Фото: Алматы әкімдігі
Алматы ауасын жылына 189 мың тонна зиянды зат ластайды.

Алматыдағы зиянды шығарындылардың жылдық көлемінің шамамен 60 пайызы автокөліктерге тиесілі. Бұл – жылына 113 мың тоннаға жуық зиянды зат. Алайда қала ауасын ластайтын жалғыз себеп көлік емес. Жеке тұрғын үйлер, моншалар мен кәуапханалар да атмосфераға зиянды заттар бөледі. Бұл туралы Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасының өкілдері мәлімдеді.

Басқарма мәліметінше, Алматыда атмосфераға тарайтын зиянды шығарындылардың жалпы көлемі жылына шамамен 189 мың тоннаға жетеді. Оның 113 мың тоннаға жуығы автокөліктердің үлесіне тиесілі.

"Ауаның ластануына көмір және басқа да отын түрлерін жағып жылытылатын жеке тұрғын үйлер де әсер етеді. Бұдан бөлек, қатты және сұйық отын пайдаланатын нысандардан шығатын түтін де қоршаған ортаға зиян келтіреді. Олардың қатарында моншалар мен қоғамдық тамақтану орындары, әсіресе кәуапханалар бар. Алматының географиялық орналасуы да ауа сапасына әсер ететін факторлардың бірі. Қала Іле Алатауының бөктерінде орналасқандықтан, әсіресе қыс мезгілінде желсіз күндері температуралық инверсия құбылысы байқалады. Мұндай кезде жылы ауа қабаты зиянды шығарындылардың жоғары көтерілуіне кедергі келтіріп, ластаушы заттардың атмосфераның төменгі қабатында жиналуына себеп болады", – делінген хабарламада.

Алматыда ауа сапасын жақсарту үшін шығарындыларды азайтуға бағытталған бірқатар шара кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, 2025 жылғы 30 желтоқсанда бекітілген Атмосфералық ауаны қорғау қағидалары стационарлық ластау көздеріне бақылауды күшейтуді, газ тазарту қондырғыларын пайдалануды және газ тартылған аудандарда қатты әрі сұйық отын жағуды шектеуді көздейді.

Көлік шығарындыларын азайту да негізгі бағыттардың бірі саналады. Осы мақсатта қалада автобус паркі жаңартылып, қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтар желісі кеңейтіліп жатыр. Бұл тұрғындарды жеке көліктен гөрі қоғамдық көлікті жиі пайдалануға ынталандыруға бағытталған.

"Бұдан бөлек, биыл сәуір айынан бастап Алматыда шығарындылары төмен аймақты (LEZ) енгізу бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып келеді. Қазір жоба сынақ режимінде жұмыс істейді. Оған қатысу ерікті, ал белгіленген аумаққа кіру үшін ақы алынбайды. Сондай-ақ әзірге айыппұл салу немесе көлік қозғалысын шектеу қарастырылмаған. Жоба аясында алдағы уақытта автокөліктерге қойылатын экологиялық талаптарды енгізу тетіктері сыналады", – делінген хабарламада.

 

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау