Қазақстанда тұрмыстық қалдықтарды қоқыс контейнеріне салмай, оның жанына немесе басқа белгіленбеген жерге қалдырып кететіндерге жаза күшейтілген. Мұндай әрекет үшін жеке тұлғаларға 43 250 теңгеден басталатын айыппұл салынуы немесе қоғамдық жұмысқа тартылуы мүмкін. Ал заң бұзушылық қайталанса, жаза мөлшері екі есеге артады, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Қоқысты контейнер жанына тастағандарға қандай жаза бар?
Алғаш рет осындай құқық бұзушылық жасаған азаматтарға 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 43 250 теңге айыппұл салынады. Сонымен қатар 40 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту жазасы қарастырылған. Егер тұрғын бір жыл ішінде осы әрекетін қайталаса, 20 АЕК немесе 86 500 теңге айыппұл төлейді. Бұдан бөлек, 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылуы мүмкін.
Ал тұрмыстық қалдықтарды арнайы белгіленбеген орындарға жинағандарға 50 АЕК, яғни 216 250 теңге айыппұл қарастырылған. Шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін бұл сома 100 АЕК-ке, яғни 432 500 теңгеге дейін жетеді.
Қоқыс көбейіп, аулаларды егеуқұйрық басқан
Дегенмен қатаң жазаға қарамастан, кейбір тұрғындар қоқысты белгіленген орынға апармай, контейнердің жанына тастап кетеді. Пәтер иелері кооперативінің төрағалары мұндай әрекеттер аулалардың санитарлық жағдайына кері әсер етіп жатқанын айтады. ПИК төрағасы Анастасия Подойникованың сөзінше, тұрғындар қоқыс жәшігінің жанына тұрмыстық қалдықтармен қатар, ескі жиһаздарды да қалдырады. Кейбір зейнеткерлер тамақ қалдықтарын ит-құс жесін деген ниетпен әдейі шашып кетеді. Мұның бәрі кеміргіштердің көбеюіне себеп болып отыр.
Анастасия Подойникова, ПИК төрағасы:
"Көбі қоқыс жәшігінің жанына тастайды. Кей адамдар үлкен жиһаздарды шығарып тастайды. Зейнеткерлер ит-құс жесін деп тамақтарды әдейі шашып тастайды. Мұның бәрі егеуқұйрықтардың қаптауына себеп болып жатыр", – дейді ол.