Ауыз қуысында жара пайда болып, қызыл иек ісінсе, тамақ ішу мен сөйлеудің өзі қиындық тудыруы мүмкін. Мұндай белгілер әртүрлі себептен туындайды. Интернетте ауыздың уылуын халық емімен басудың жолы көп болғанымен, дәрігердің кеңесінсіз емделу аурудың асқынуына әкелуі ықтимал Әсіресе балалардың ауыз қуысында жара пайда болса, оған бейжай қарауға болмайды.
Ауыз уылғанын қалай анықтауға болады?
Ауыз уылғанда ауыздың кілегей қабығы қабынып, қызыл иек ісінеді. Иектің әр жері күлдіреп ағарады немесе ауыз, еріннің астыңғы қабаты мен таңдайда, тамаққа дейін жара пайда болып, ойылады. Жаралар ашып, ауырғандықтан адамға тамақ шайнау, жұту, сөйлеу қиындай түседі. Кейде тіпті дызылдап, түнде ұйықтай алмай қалады.
Аурудың пайда болуының бірнеше себебі бар:
- Жарақат салдарынан. Тілді, ерінді немесе қызыл иекті байқамай тістеп алу, қатты тағамнан жарақаттану, ыстық тамақ пен сусыннан күйіп қалу ауыздың кілегей қабығын зақымдауы мүмкін. Мұндайда жарақаттанған жерде ашық түсті дақ немесе шағын жара пайда болады.
- Ауыз қуысы тазалығын сақтамау салдарынан. Тіс пен ауыз қуысын дұрыс тазаламаса да қабынады. Көбіне уылғанда ауызда иектің әр жері үлпілдеп ағарып, кілегей қабық қызарып, қызыл иек ісінуі мүмкін. Дегенмен ауыздың уылуын тек тазалық сақтамаумен байланыстыру дұрыс емес.
- Кейбір препараттарды қабылдау салдарынан. Кейбір дәрілер, соның ішінде химиотерапия препараттары, ауыздың кілегей қабығын зақымдауы мүмкін. Аллергиялық реакциялар мен инфекциялар да жараның пайда болуына себеп болады. Сондықтан ауыз уылғанда оның нақты себебін анықтау маңызды.
Ауыз уылса қалай емдейді?
Емдеу тәсілі жараның неден пайда болғанына байланысты. Егер ауыздың кілегей қабығы жеңіл жарақаттанып, шағын жара шықса, ол бірнеше күн ішінде өздігінен жазылуы мүмкін. Ауыздың аздаған ойылуы 3-5 күнде өздігінен кетеді. Бірақ жараның себебі белгісіз болса, ол үлкейсе немесе қайта-қайта шықса, стоматологқа қаралған жөн.
"Ауыз уылғанда оның себебін білмей өздігінен ем қабылдаудың қажеті жоқ. Оны өз бетіңізбен емдей алмайсыз. Арнайы құрылғымен ауыз қуысын тазалау керек. Ал инфекция салдарынан болса терапевт дәрігер ем тағайындауға тиіс. Мұндайда қажет анализдерді тапсырып, берген дәріні қабылдау керек. Әйтпесе инфекцияның көзі жойылмайды", – дейді тіс дәрігері Юлия Степанцова.
Дәрігерге барғанға дейін ауырсынуды жеңілдету үшін бірнеше қарапайым шара қолдануға болады:
- Ауыз қуысын шаю. Бұл үшін түймедақ, емен қабығы, қырмызыгүл секілді шөп ерітінділерін немесе стоматологиялық тұнбаларды сатып алуға болады.
- Гель жағу. Күлдіреген қызыл иекке "Камистад" немесе "Метрогил-Дента" гельдерін жағуға болады. Алайда дәрігер кеңесімен қолдану керек. Бұлардың қабынуға қарсы әрекеті бар және ауыруды басады. Балаларға қолданғанда абай болған жөн. Нұсқаулықта көрсетілген мөлшерден асырмау қажет.
- жарамайды.
Ауыз уылған кезде тамақты да дұрыс таңдаған жөн. Ащы, қышқыл, тым ыстық және қатты тағамдар жараны тітіркендіріп, ауырсынуды күшейтуі мүмкін. Оның орнына жұмсақ, жылы немесе салқындау тағамдарды таңдаған дұрыс. Салқын су мен балмұздақ кейде жайсыздықты азайтады.
Оқи отырыңыз: Бас ауырып, балтыр сыздаса, бірден балгерге баратындар көбейді. Бұл медицина дәрменсіздігінің белгісі ме?
Балалардың аузы уылса не істеу керек?
Балалардың ауыз қуысының кілегей қабығы нәзік болғандықтан ол жарақатқа бейім келеді. Кішкентай балалар айналасындағы заттарды аузына салып, тістеп көреді. Тісі шыққан кезде қызыл иектің қышуын басу үшін қолына түскен затты тістеуі мүмкін. Ересектеу балалардың қаламсап пен қарындашты мүжуі де ауыз қуысының жарақаттануына себеп болады.
Ауыз уылған балалардың да үлкендер сияқты су ішкенде, тамақ ішкенде және жұтынғанда ауызы өртеніп, қышуы мүмкін. Жара ашып, ауыз қуысы тітіркенеді. Кейде дене қызуы көтеріліп, теріде бөртпе пайда болады. Егер сәби дұрыс еме алмай жатса ауыз қуысын тексеріп, дәрігерге көрсету қажет. Халық емін өз бетінше қолданбаған жөн. Жараның үстіне белгісіз қоспаларды жағу, дәрігер кеңесінсіз дәрілерді қолдану баланың денсаулығына қауіпті болуы мүмкін. Баланы педиатрға немесе балалар стоматологына көрсетіп, аурудың себебіне сәйкес ем алған дұрыс.
Баланың аузы уылғанда жараның неден пайда болғанын өз бетімен анықтау қиын. Мұндай белгілер жарақаттан да, вирустық немесе басқа инфекциялардан да туындауы мүмкін. Кейде баланың ағзасына су жетпеуі мүмкін. Бала су іше алмай қалса, зәрі сиресе, қатты әлсіресе, дене қызуы жоғарыласа немесе жағдайы нашарласа шұғыл дәрігерге жүгіну керек.
Балалардың иммундық жүйесі толық қалыптаспағандықтан сақ болған жөн. Инфекция салдарынан ауыз уылса, балалардың ағзасы оған қарсы күресе алмайды. Сондықтан дәргерге қаралып, себебін анықтаған соң ғана ем алған дұрыс.