Адамзат тарихында адам бойы үнемі өсіп отырмаған. Кей аймақтарда ежелгі тұрғындар қазіргі адамдардан да биік болған, ал кей халықтардың орташа бойы мыңдаған жыл бойы біртіндеп аласарған. Германия мен Тюбинген университетінің ғалымдары Еуропа мен Азиядан табылған 18 мыңнан астам адамның сүйегін зерттеп, соңғы 7 мың жылда адам бойы қаншалық өзгергенін зерттеді. Зерттеу нәтижесі халықтың денсаулығы, тамақтануы және өмір сүру деңгейі туралы тың мәлімет берді.
Зерттеушілер адамның бойын қалай анықтады?
Зерттеуге 45 елдің аумағынан табылған 18 457 адамның қаңқа сүйектері енгізілген. Олардың ішінде әйелдер мен ерлер, қалада және ауылдық жерде өмір сүрген адамдар бар. Ғалымдар адамның бойын сан сүйегінің (ортан жілік) ұзындығына қарап есептеген. Себебі, сүйектің ұзындығына қарап адамның жалпы бойын шамалауға болады.
Зерттеу авторларының бірі, Тюбинген университетінің экономикалық тарих зерттеушісі Манон Стефанның айтуынша, жазба деректер кейбір аймақтарда тым кеш пайда болған немесе толық сақталмаған. Сондықтан ежелгі адамдардың тұрмыс деңгейін зерттеу үшін сүйек қалдықтары маңызды дереккөзге айналған.
Зерттеушілердің түсіндіруінше, балалық және жасөспірім шақта адам ағзасы жеткілікті әрі сапалы тағам алса, генетикалық мүмкіндігі шегінде бойы жақсы өседі. Осы себепті халықтың орташа бойы бірнеше ұрпақтың тамақтануы мен денсаулығын бағалауға көмектеседі.
Ежелгі Азия тұрғындары қазіргі адамдардан биік болған
Зерттеу нәтижесі бойынша, бұдан 7 мың жыл бұрын Оңтүстік-Шығыс Азияда өмір сүрген ер адамдардың орташа бойы 1,78 метр болған. Кейінгі мыңжылдықтарда бұл көрсеткіш біртіндеп төмендеп, XIX ғасырға қарай 1,60 метрден сәл ғана асқан.
Қытай әйелдерінің бойында да осындай өзгеріс байқалған. Осыдан 7 мың жыл бұрын олардың орташа бойы 1,57 метр болса, XIX ғасырда 1,48 метрге дейін қысқарған.
Ал Солтүстік Еуропадағы ер адамдар бұдан 5 мың жыл бұрын орта есеппен 1,62 метр болған. Кейін Шығыс Еуропа мен Батыс Сібір даласынан көшіп келген малшы халықтар өңірге сүт өндірудің жаңа тәсілдерін алып келген. Олармен бірге сүттегі лактозаны қорытуға мүмкіндік беретін тұқым қуалайтын қасиет те таралған. Сүт өнімдерін көбірек тұтыну солтүстік еуропалықтардың бойының өсуіне ықпал еткен факторлардың бірі болған.
Алайда, Еуропа мен Азияның көптеген аймағында ерте орта ғасырлардан бастап, яғни біздің заманымыздың 500-1000 жылдары аралығында, адамдардың орташа бойы қайтадан қысқара бастады. Бұл үрдіс XIX ғасырдың соңына дейін жалғасты.
Әйелдер мен ерлердің бойындағы өзгерістер негізінен ұқсас. Бірақ, Қытай мен Жапонияда әйелдердің бойы айтарлықтай көбірек аласарған. Ал Еуропада әйелдердің бойы ерлермен салыстырғанда баяу өскен.
Технологиялық даму адамдардың бойын ұзарта бермейді
Зерттеушілер ауыл шаруашылығындағы технологиялық жетістіктер халықтың тұрмыс деңгейін міндетті түрде жақсартпайды деген қорытындыға келді. Тюбинген университетінің экономикалық тарих профессоры Йорг Батен Қытайды мысалға келтіреді. XI ғасырда елде өнімділігі жоғары күріш сұрыптары мен ауыл шаруашылығындағы басқа да жаңалықтар енгізілген. Соның арқасында азық-түлік өндірісі артқанымен, қарапайым халықтың тұрмыс жағдайы айтарлықтай жақсармаған.
Керісінше, халық саны көбейіп, азық-түлік әр адамға шаққанда азая түскен. Сонымен қатар тағамның сапасы да төмендеген. Әсіресе ағзаға қажетті ақуызға бай өнімдерді тұтыну азайған. Ғалымдардың түсіндіруінше, халық санының өсуі мен азық-түлік ресурстарының арақатынасы адамдардың денсаулығына және физикалық дамуына әсер еткен.