Швейцариядағы Базель университетінің ғалымдары ұйқыға деген қажеттілікті қалыптастыруға қатысатын ми жасушаларының екі тобын анықтады. Тәжірибе кезінде зерттеушілер тышқандардың ми нейрондарының белсенділігін тежегенде, олардың ұйқы уақыты қалыпты көрсеткішпен салыстырғанда шамамен 70 пайызға қысқарған. Бір қызығы, жануарлардың көпшілігінде ұзақ уақыт ұйықтамауға тән мінез-құлық өзгерістері байқалмаған, деп жазды ScienceDaily.
Мида ұйқыға деген қажеттілікті арттыратын нейрондар бар
Зерттеушілердің айтуынша, адам ұзақ уақыт ұйықтамай жүргенде ми белгілі бір жүйке жасушаларының белсенділігін арттырады. Бұл жасушалар ағзаның ұйқыға деген қажеттілігін қалыптастырып, адамның демалуына ықпал етеді.
Зерттеуді Базель университетінің Biozentrum ғылыми орталығының профессоры Александр Шиер бастаған топ жүргізген. Ғалымдар тәжірибе барысында тышқандардың миындағы белсенділік өзгерістерін үш жағдайда салыстырған: қалыпты ұйқы мен сергектік кезеңінде, ұйқыдан әдейі айырғанда және одан кейінгі қалпына келу кезінде.
Осылайша, мамандар ми сабағындағы жүйке жасушаларының екі тобын анықтаған. Олар – ГАМҚ (GABA) бөлетін нейрондар және серотонинергиялық нейрондар. Тышқандар ұзақ уақыт ояу жүрген сайын бұл жасушалардың белсенділігі артып, жануарлар ұйықтаған кезде қайта төмендеген.
Ғалымдар бұл нейрондардың ұйқысыздықты жай ғана тіркеп қоймай, ұйқыға деген қажеттіліктің қалыптасуына тікелей қатысатынын анықтаған. Мұны тексеру үшін зерттеушілер жасушалардың белсенділігін жасанды түрде арттырып, кейін тежеген.
Бірінші жағдайда тышқандар әдеттегіден ұзақ әрі терең ұйықтаған. Бұл ұзақ уақыт ұйықтамағаннан кейінгі қалпына келу ұйқысына ұқсас болған. Ал нейрондардың белсенділігін тежегенде жануарлар әлдеқайда аз ұйықтап, ұзақ уақыт сергек жүрген.
Тәжірибенің келесі кезеңінде ғалымдар осы екі топтағы нейрондардың белсенділігін ұзақ уақытқа тежеген. Нәтижесінде тышқандардың терең ұйқысы (NREM) бақылау тобымен салыстырғанда шамамен 70 пайызға азайған. Ұйқы уақыты айтарлықтай қысқарғанына қарамастан, тірі қалған жануарлардың көпшілігінде ұзақ уақыт ұйықтамаудан туындайтын әдеттегі мінез-құлық бұзылыстары байқалмаған. Дегенмен тәжірибеге қатысқан тышқандардың шамамен 17 пайызы өліп қалды.
Зерттеушілер бұл жаңалық мидың ұйқыға деген қажеттілікті қалай қалыптастыратынын түсінуге мүмкіндік беретінін айтады. Алдағы уақытта ғалымдар аталған нейрондардың мидың басқа бөліктерімен қалай байланысатынын және олардың белсенділігін қандай молекулалық үдерістер реттейтінін зерттемек.
Мамандардың пікірінше, зерттеу нәтижелері болашақта ұйқы бұзылыстарын зерттеуге және ұйқы тапшылығының ағзаға әсерін түсінуге көмектесуі мүмкін. Алайда бұл әзірге тышқандарға жасалған тәжірибе, сондықтан оның нәтижесін адамға тікелей қолдануға болмайды.
Жаңа рекорд: Ғалымдар адам бауырын ағзадан тыс жерде 7 аптаға дейін тірі сақтаудың жолын тапты
Өрмекшілер де түс көре ме? Ғалымдар ұйқының ерекше белгісін анықтады