Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов балалар арасында дұрыс тамақтануды заң жүзінде шешу мақсатында қандай шаралар қолға алынып жатқаны туралы хабарлады.
"Жағдай расымен алаңдатарлық. Ұсынылған зерттеу бойынша, елімізде 5-9 жастағы төрт баланың біріне жуығында артық салмақ бар. Ал 2025 жылы балалар мен жасөспірімдер арасында екінші типтегі қант диабетінің мыңнан астам жағдайы тіркелген. Дегенмен, фастфудқа жаппай тыйым салмай, оларды іске асыруға кететін шығынды да ескеру маңызды. Әңгіме фастфудқа түгелдей тыйым салу туралы емес, балаларды оны тұтынуға итермелейтін жарнаманы шектеу туралы", – деді Асхат Аймағамбетов.
Ол бұл бағытта заңға енгізілетін түзетулер әзірленгенін және депутаттар қандай шараларды кезең-кезеңімен енгізуді ұсынып отырғанын тізіп өтті.
Депутаттар ұсынып отырған шаралар
Балаларды агрессивті жарнамадан қорғау. Қанты, тұзы мен қаныққан майы көп өнімдердің жарнамасын балалар арналарында, балалар бағдарламаларында және балаларға арналған барлық мекемеде шектеуді ұсынамыз. Оның әлеуметтік желілердегі жарнамасына да назар аудару қажет.
Балалар жүретін жерлерде мұндай өнімдердің сатылуын шектеу. Білім беру ұйымдарында бірқатар талап қазірдің өзінде бар. Ұсынысымыз - қолданыстағы талаптардағы олқылықтарды жойып, балаларға арналған ұйымдарда мұндай өнімдерді сатуға қатысты негізгі шектеулерді заң деңгейінде бекіту.
Өнімнің құрамы ашық әрі түсінікті болуы тиіс. Сатып алушы қаптаманың артындағы ұсақ жазуға үңілмей, қанты, тұзы мен қаныққан майы көп екенін бірден көруі керек. Алдымен мұндай ақпаратты дүкендегі баға белгілері мен ас мәзірінде көрсетуге болады. Ал қаптамаға ескерту енгізу мәселесін ЕАЭО деңгейінде қарастыру қажет. Өзге елдердің тәжірибесі өндірушілердің өнім құрамындағы қантты азайтуға мүмкіндігі бар екенін көрсетеді.
"Энергетикалық сусындарға бөлек тоқталайын. Бұл сусындарды 21 жасқа толмағандарға сатуға тыйым салынған. 2026 жылдан бастап акциз енгізіліп, оның мөлшерлемесін 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен көтеру көзделген. Ендігі міндет - осы шектеулердің іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету. Сондықтан жеткізу кезінде сатып алушының жасын тексеруді, энергетиктерді касса маңынан алып тастауды және балаларға бағытталған жарнама мен демеушілікті шектеуді ұсынамыз", – деді Асхат Аймағамбетов.
Қазақстанда фастфуд пен тәтті сусын жарнамасына шектеу қойылуы мүмкін
"Фастфудқа құмар". Олжас Бектенов балалардың дұрыс тамақтануын бақылауды тапсырды