Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығын атап өтуде. Осы ширек ғасырдан астам уақыт ішінде елдің саяси-қоғамдық өмірімен бірге ресми мерекелер күнтізбесі де бірнеше рет жаңарып, мазмұндық тұрғыдан қайта қаралды. Бүгінде Қазақстан заңнамасы бойынша 1 ұлттық мереке және 9 мемлекеттік мереке бар (барлығы 10 атау, күнтізбелік күн саны – 13 күн, оған қоса Еңбек кодексі бойынша 2 діни мереке – Православиелік Рождество мен Құрбан айттың бірінші күні демалыс күні болып саналады).
Қазіргі ресми мерекелер күнтізбесі (2026-2027 жылғы өзгерістер қамтылды)
"Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" Заңға сәйкес, ресми мейрамдар мәртебесіне қарай ұлттық, мемлекеттік және кәсіби (өзге де) болып бөлінеді. Ұлттық және мемлекеттік мерекелердің барлығы – жұмыс істемейтін демалыс күндері.
2026 жылғы 11 маусымдағы № 306-VIII Заңға сәйкес, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Конституция күні ресми түрде 15 наурызға ауыстырылып, 30 тамыз мерекелер тізімінен алынып тасталды (2026 жылы 30 тамыз соңғы рет атап өтілді, 2027 жылдан бастап жаңа күнтізбе қолданылады).

Тәуелсіздік алғалы бері мерекелер жүйесі қалай өзгерді?
1991 жылы егемендік алғаннан кейін Қазақстан кеңестік мерекелер жүйесінен біртіндеп бас тартып, ұлттық бірегейлік пен мемлекеттілікті нығайтатын жаңа күнтізбе қалыптастыра бастады. Бастапқыда мерекелер тізімі 1995 жылғы Президент Жарлығымен реттелсе, 2001 жылғы 13 желтоқсанда арнайы "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" Заң қабылданды.
35 жыл ішіндегі басты трансформациялар мынадай кезеңдерден тұрады:
- Ұлттық дәстүрдің жаңғыруы (1990-2000 жж.). Кеңес кезінде тыйым салынған Наурыз мейрамы ресми мәртебеге ие болды. Алғашында тек 22 наурыз демалыс күні болса, 2009 жылдан бастап Наурыз 21-23 наурыз аралығында үш күн қатарынан тойланатын мемлекеттік мерекеге айналды.
- Мемлекеттік рәміздер мен елорда мерекелерінің енгізілуі (2008-2012 жж.). 2008 жылы 6 шілде – Астана күні мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды. 2012 жылы Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылған күніне орай 7 мамыр – Отан қорғаушы күні мемлекеттік мереке (демалыс күні) мәртебесін алды.
- 2022 жылғы саяси реформалар. 2022 жылдың күзінде Парламент заңға елеулі түзетулер енгізді. Соның нәтижесінде 25 қазан – Республика күні 13 жылдық үзілістен кейін қайта жаңғырып, еліміздегі жалғыз Ұлттық мереке мәртебесін иеленді. Ал 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні ұлттық мерекеден мемлекеттік мереке санатына ауыстырылып, екі күндік демалыс (16-17 желтоқсан) бір күнге қысқартылды.
- 2026 жылғы конституциялық жаңару. 2026 жылғы референдумда жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты Конституция күні 30 тамыздан 15 наурызға көшірілді.
Оқи отырыңыз: Қазтест 14 желтоқсанда 19 қалада өтеді. Емтихан тапсыру құны қанша
Қандай мерекелер жойылды немесе мәртебесін жоғалтты?
Тәуелсіздік жылдарында саяси жүйе мен қоғамдық сұранысқа сай бірқатар дата күнтізбеден алынып тасталды немесе демалыс күні мәртебесінен айырылды:
- кеңестік дәуір мерекелері (1990-жылдардың басы). 7 қараша – Ұлы Қазан социалистік революциясы күні және 23 ақпан – Кеңес Армиясы күні ресми күнтізбеден біржола жойылды. Сонымен қатар 1 мамырдағы "Еңбекшілердің халықаралық ынтымақтастығы күні" 1995 жылы Қазақстан халқының бірлігі мерекесі болып өзгертілді;
- Республика күнінің уақытша жойылуы (2009-2022 жж.). 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданған күн 1995 жылдан бастап мемлекеттік мереке ретінде тойланды. Алайда 2009 жылы сәуірде заңға өзгеріс енгізіліп, 25 қазан мерекелер тізімінен мүлде алынып тасталды. Бұл әділеттілік тек 2022 жылы қалпына келтірілді;
- 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні (2022 ж.). 2011 жылы желтоқсанда бекітіліп, 2012-2021 жылдары мемлекеттік мереке (демалыс күні) ретінде атап өтілген 1 желтоқсан 2022 жылғы қыркүйектегі заңмен мемлекеттік мерекелер тізімінен шығарылды. Қазір бұл күн демалыс берілмейтін "кәсіби және өзге де мерекелер" тізбесіндегі атаулы дата ретінде ғана қалды;
- 30 тамыз – бұрынғы Конституция күні (2026 ж.). 1995 жылғы Ата Заң қабылданған 30 тамыз 30 жылдан астам уақыт бойы мемлекеттік мереке болды. 2026 жылғы конституциялық реформадан кейін бұл дата ресми мерекелер қатарынан алынып, орнына 15 наурыз бекітілді.
Оқи отырыңыз: Дәрі тапшылығынан – жоғары технологиялық оталарға дейін. Ел медицинасы 35 жылда қалай өзгерді
Қандай мерекелер жаңадан пайда болды?
Тәуелсіздік кезеңінде мемлекеттік және ұлттық мерекелерден бөлек, Үкімет қаулысымен бекітілетін кәсіби және өзге де мерекелік күндер тізбесі де айтарлықтай толықты:
- жаңа мемлекеттік мерекелер: 7 мамыр (Отан қорғаушы күні), 6 шілде (Астана күні), 15 наурыз (жаңа Конституция күні) және қайта оралған 25 қазан (Республика күні – Ұлттық мереке);
- Діни мерекелердің демалыс күніне айналуы (2005 ж. бастап): Еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, Құрбан айттың бірінші күні мен 7 қаңтар (Православиелік Рождество) ресми демалыс күндері болып белгіленді;
- Жаңа қоғамдық және рухани атаулы күндер (демалыс берілмейді): Соңғы жылдары қоғамдық құндылықтарды дәріптеу мақсатында Үкімет тізбесіне 10 тамыз – Абай күні, 23 сәуір – Ұлттық кітап күні, Мамырдың екінші жексенбісі – Аналар күні, Маусымның үшінші жексенбісі – Әкелер күні, 1 наурыз – Алғыс айту күні және 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні сияқты маңызды күндер енгізілді.