Қазақстандық режиссер Елзат Ескендірдің "Әбіл" фильмі 99-шы "Оскар" сыйлығының "Үздік халықаралық толықметражды фильм" аталымы бойынша марапатқа үміткерлердің ұзын тізіміне енді. Бұл туралы Америкалық киноакадемия жариялаған ресми тізімде көрсетілген.
Академияның мәліметінше, биыл аталған аталым бойынша 104 фильм іріктеудің келесі кезеңіне өтуге мүмкіндік алды.
"Әбіл" – режиссер Елзат Ескендір түсірген драма. Фильмдегі оқиға 1993 жылы Алматы облысында, Кеңес Одағы ыдырап, ұжымшарлар жекешелендіріліп жатқан кезеңде өрбиді. Басты кейіпкер – қырық жыл бойы ұжымшардың малын баққан Әбіл есімді шопан. Жекешелендіру кезінде ауылдағы мал мен жерді жаңа басшылар өзара бөлісіп алады. Ал Әбіл өзіне тиесілі дүниеден айырылып, отбасы мен ауылындағы әлеуметтік өзгерістерге қарсы тұруға мәжбүр болады.
Фильмдегі басты рөлді Ерлан Төлеутай сомдаған.
"104 фильмнің бақ сынауы – "Оскар" сыйлығы тарихындағы өзгеше оқиға, айрықша рекорд көрінеді. Кілең ағылшын, араб арғымақтарының ішіндегі жалғыз қазақы жүйріктей қарыштай шауып "Әбіл" кетіп барады. Көргенде жылағым келді. Осындайда әлемдік жарыстар кезінде спортшылардың неге жылайтынын түсінеді екенсің. Мұны сіздерге қалай түсіндірсем екен? Мәселен, "Оскарды" ат бәйгесі деп алайық. Өздеріңіз көз алдарыңызға елестетіп көріңіздерші, ат бәйгесінен әлемдік аламан болып жатыр. Оскар комитеті биылғы бәйгеге 100 мемлекеттен 100 таңдаулы жүйрік іріктеп алған, яғни жер шары мемлекеттерінің тең жартысының ең-ең деген қас жүйріктерін таңдаған. Ал, Ілікпей қалған мемлекеттер қаншама", – деп жазды Ерлан Төлеутай бұл туралы.
Сонымен қатар үміткерлер тізімінде Қырғызстаннан – "Кассандра", Әзербайжаннан – "Тагиев: мектеп" және Моңғолияның "Тәуелсіздік: Жарлық сақшысы" фильмдері де бар.
Киноакадемияның ресми күнтізбесіне сәйкес, аталған номинация бойынша 15 фильмнен тұратын қысқа тізім 2026 жылғы 15 желтоқсанда жарияланады.
2027 жылдың 21 қаңтарында "Оскар" номинанттарының есімі белгілі болады.
14 наурызда 99-шы "Оскар" сыйлығының марапаттау рәсімі өтеді. Салтанатты рәсім Голливудтағы Dolby театрында өтеді.
ŞAM театры Оскар жүлдесін иеленген фильм негізінде "Екеуміз жайлы" қойылымын сахналады