Алматының Алмалы аудандық соты Санжар Боқаевты 10 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Осы іс бойынша тағы бір сотталушы Ұлан Нүсіпқожаға 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
26 қарашада өткен жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы Санжар Боқаевты 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Ал Мадияр Қалменовке 7 жыл түрме жазасын, Ұлан Нүсіпқожаға 2 жыл 6 ай бас бостандығын шектеуді ұсынды.
Ал қорғаушылар Санжар Боқаевты толық ақтауды талап еткен еді.
Еске салайық, Санжар Боқаев 18 наурызда Алматыда ұсталып, келесі күні тергеу сотының шешімімен екі айға қамауға алынды.
Сот процесі 16 қазанда басталды.
Санжар Боқаевқа Қылмыстық кодекстің 5 бабы бойынша айып тағылды. Олардың қатарында алаяқтық, ақшаны жылыстату, ұрлық, ағаштарды заңсыз кесу және көрінеу жалған ақпарат тарату бар.
Бас прокуратура алаяқтық ісін Санжар Боқаевтың ұлттық компаниядағы қызметімен байланыстырды. Айыптау нұсқасы бойынша, "ҚазТрансГаз" кәсіподағы автокеруен ұйымдастыруға бөлген қаражаттың бір бөлігін Санжар Боқаев өзінің жиһаз бизнесіне жұмсаған.
Істің басқа бөліктері Үлкен Алматы өзенінің жағалауынан гранит тақталарды алып кетуге, Баума тоғайындағы ағаштарды кесуге және әлеуметтік желілердегі жарияланымдарға қатысты.
Санжар Боқаев "ҚазТрансГазда" істегенде қаржы жымқырды деген күдікке ілінді