Әйелдер бір уақытта бірнеше істі қатар атқара алады, ал ерлерге бұл қиынырақ деген түсінік бар. Алайда жаңа зерттеу ерлер мен әйелдердің тапсырмаларды орындау қабілетінде айтарлықтай айырмашылық жоқ екенін көрсетті. Ғалымдар тек бір ерекшелікті байқаған: ер адамдар бірнеше іспен айналысып жатқанда әйелдерге қарағанда азырақ сөйлейді. Бұл турады Psychological Research журналында жарияланған ғылыми мақалада жазылған.
Зерттеуді Лондондағы Брунель университеті мен Сити Сент-Джордж университетінің ғалымдары жүргізген.
Зерттеу екі кезеңнен тұрған. Бірінші экспериментке 78 адам қатысқан. Олардың қатарында 41 ер адам және 37 әйел болған. Олар асүйде тамақ әзірлеу, телефон нөмірлерін іздеу, сандарды әріптермен сәйкестендіру, слайдтан қажетті сөздерді табу және сұрақтарға жауап беру сияқты бес тапсырманы қатар орындаған. Қатысушыларға әр 20 секунд сайын жаңа сұрақ қойылып отырған.
Екінші кезеңге 160 адам бақылаушы ретінде қатысқан. Олар бірінші эксперименттің бейнежазбасын көріп, қатысушылардың тапсырмаларды қаншалықты жақсы орындағанын бағалаған. Бақылаушыларға зерттеудің мақсаты мен қатысушылар туралы алдын ала ақпарат берілмеген. Осылайша, екі кезеңге барлығы 238 адам қатысқан.
Зерттеу нәтижесінде ерлер мен әйелдер тапсырманың көпшілігін бірдей орындаған. Бірақ ер адамдар қойылған сұрақтарға әйелдерге қарағанда екі есе аз жауап берген. Ал жауап берген кезде екі топтың жауап беру жылдамдығы мен сапасында айтарлықтай айырмашылық болмаған.
Ғалымдар осы ерекшелік әйелдер бірнеше істі қатар атқаруға ерлерден қабілетті деген түсінікке әсер етуі мүмкін екенін айтады.
Бұған дейін әлемде жоғары білімді әйелдердің үлесі ерлерден асып түскені туралы жазған едік. Ал Қазақстанда ерлердің табысы әйелдерге қарағанда орта есеппен 25-35 пайызға жоғары.
Қазақстанда ерлер мен әйелдер санындағы айырмашылық қысқарып келеді. Демографияға шолу