Жоғары оқу орындарында білім алуға мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі жарияланды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, биыл 75 мыңнан астам талапкер еліміздің жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.
2026 жылы мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына 127 мыңға жуық өтініш түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мыңға көп. Ведомство мұны жоғары білімге деген сұраныстың әлі де жоғары екенін көрсететін көрсеткіш деп бағалайды.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы еңбек нарығындағы ұзақ мерзімді сұранысты ескере отырып қалыптастырылған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, гранттардың 60 пайызы инженерлік және техникалық мамандықтарға бөлінген. Сондай-ақ өңірлерді кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында "Серпін" жобасы аясында 2 мыңнан астам грант Солтүстік, Шығыс және Орталық Қазақстандағы жоғары оқу орындарына бөлінді.
Министрлік гранттарды бөлу кезінде әлеуметтік осал топтарға арналған квоталар, халықаралық олимпиадалар мен ірі спорттық жарыстардың жеңімпаздарына берілетін гранттар, сондай-ақ мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға арналған 1816 грант сақталғанын хабарлады. Мемлекеттік білім беру грантының электрондық куәлігі үш жұмыс күні ішінде Ұлттық тестілеу орталығының grant.testcenter.kz сайтында қолжетімді болады.
Ресми тізім мына ақпарат көздерінде жарияланды:
- Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Facebook, Instagram парақшаларында және ресми сайтында;
- Ғылым және жоғары білім министрлігінің Telegram, Facebook және Instagram ресми парақшаларында.
Жоғары оқу орындарына құжаттарды тапсыру 25 тамызға дейін (қоса алғанда) жүзеге асырылады.