Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза болған әскери қызметшілердің туыстарына қаралы хабар қалай жеткізілді деген мәселе қоғам назарын аударды. Әлеуметтік желіде тараған кадрларда әскери нысанның сыртында тұрған адамдарға қаза болған әскери қызметшілердің аты-жөні тізімнен оқылғаны көрінеді. Бұл жағдай желі қолданушыларының наразылығын туғызды.
Қазақстан халық кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов бұл оқиғаны "жауапкершілікті мойынға алғысы келмеу" деп бағалады.
"Желіде ата-аналарға ұлының қаза болғаны туралы хабар беріліп жатқан сәт түсірілген бейнежазбалар тарады. Бұл қаралы хабар ата-аналарға темір қоршаудың ар жағынан айтылған! Қайғыдан қан жұтқан әкелер мен аналар тұр. Жан түршіктірерлік жоқтау естіледі. Ал қоршаудың ар жағында полиция қызметкерлерінің бақылауымен әскери киімдегі адамдар тұр. Олар суық дауыспен, ресми тілмен, асығыс түрде ата-аналарға ауыр хабарды жеткізеді. Қақпаны ашпаған, ата-аналарды ішке, арнайы залға кіргізбеген. Олар тек тезірек есеп беріп, міндетін орындағанын көрсетіп, жауапкершіліктен бой тасалағысы келгендей әсер қалдырады. Олардың дауыс ырғағында жанашырлық та, ата-аналардың қайғысына ортақтасуға деген талпыныс та байқалмайды. Тек адамдардың көзіне тура қараудан қорқу мен ресми салқындық бар", – деп жазды ол.
Мұрат Әбенов дамыған елдерде әскердегі қаза туралы хабарлаудың қатаң "хабарлау хаттамасы" бар екенін де еске салды.
"Әдетте отбасының үйіне әскери қызметшімен бірдей немесе одан жоғары әскери шені бар офицер өзі барады. Ол салтанатты әскери киіммен келеді. Онымен бірге жедел көмек көрсетуге дайын әскери дәрігер мен психолог болады. Туыстарды отырғызып, олардың көзіне қарап, болған жағдайды үлкен құрметпен хабарлайды. Осы сәттен бастап мемлекет қаза болған әскери қызметшінің отбасына қамқорлық көрсетуді өз міндетіне алады. Неліктен біздің әскери шенеуніктер қаза болған сарбаздардың ата-анасымен темір қоршаудың ар жағында сөйлеседі? Бұл – армия үшін ұят", – деп жазды ол.
Бұл жағдайдан кейін "Әскери қызметші қаза болғанда оның отбасына бірінші болып кім хабар береді?", "Командирдің міндеті қандай?", "Қаза туралы ресми хабарламаны кім тапсырады?" деген сұрақтар туындады.
Әскери қызметші қаза болғанда кім естіртеді?
Қазақстанда әскери қызметшілердің қаза болуы немесе қайтыс болуына байланысты хабарлау тәртібі Қарулы күштердің жеке құрамын есепке алу қағидаларында көрсетілген.
Қағиданың 46-тармағында әскери бөлім командирі немесе бастығы әскери қызметшінің қайтыс болғаны немесе қаза тапқаны туралы сол күні оның жақын туыстарына және отбасының тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органына хабарлауы керек деп көрсетілген. Хабар жеделхатпен немесе телефон арқылы беріледі.
Жеделхатта немесе телефон арқылы хабарлағанда қаза тапқан әскери қызметшінің қайтыс болған күні мен қайтыс болу себебін, сондай-ақ мәйітін жөнелтетін немесе жерленетін күнін хабарлайды.
Қаралы хабар туралы сөз болғанда "қара қағаз" деген ұғым да жиі айтылады. Бұл түсінік Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы майданнан келген қаза туралы ресми хабарламалармен байланысты қалыптасты. Алайда қазіргі Қазақстандағы бейбіт кезеңдегі әскери қызметшінің қазасына байланысты дәл сол тарихи "қара қағаз" рәсімі қолданылмайды.
Қазақ қаралы хабарды қалай естірткен?
Қазақ дәстүрінде адамның қайтыс болғанын жақындарына жеткізу "естірту" деп аталады.
Дәстүрлі ортада мұндай хабарды кез келген адам жеткізбеген. Естіртуші адамның мәртебесі, жасы, жақындық дәрежесі және қайғылы хабарды қабылдайтын адамның жағдайы ескерілген.
Кей жағдайда қазаны бірден айтпай, тұспалдап жеткізген. Оның мақсаты – адамды ауыр хабарға біртіндеп дайындау болған.
Естірту мұнымен аяқталмаған. Қаралы хабарды жеткізген адам артынан көңіл айтып, қайғыға ортақтасқан. Яғни дәстүрлі қазақ қоғамында естірту тек ақпарат беру емес, адамның қайғысына ортақтасу рәсімі де болған.
Мәселен журналист Қайнар Олжай "Қазаға қатысты наза" мақаласында:
"Қазақ өте жағымсыз хабарды айту үшін адамды психологиялық жағынан дайындай білген. Қаза туралы айтуға жасы үлкен кісі бастаған топ арнайы келетін. Жастың үлкендігі ғана емес, қажетті сөзді айта білетін тапқырлық та ескерілген. "Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ" деген мақал әу баста осы естірту кезінде туғаны талассыз-ау. Қазаны жөнімен хабарлаудың жаппай болған кезі – кешегі екінші жаһандық соғыста. Әрбір ауылға ай, тіпті апта аралатпай "қара қағаз" келетін. Оны пошташы алдымен ауылдағы жасы үлкен кісілердің қолына беретін. Солар марқұмның ата-анасына қаралы хабарын жеткізген. Сондықтан шал-шауқан топталып бара жатса, басқалар "кімнің үйіне кіреді" деп тамның есігі мен киіз үйдің жабығынан сығалайтын. Мұның көріністерін "Жабайы алма", "Тұйық", "Көктем де ызғарлы", "Ақ шағыл" сынды соғыс кезіндегі ауыл өмірін суреттеген романдардан табуға болады. Беріге дейін жалғасқан естірту дәстүрі әлеуметтік желі тұсында бірден жоғалып кетті. Қайтыс болған адамға еш қатысы жоқ, қатысы болса, онысы бірер рет көріп, бірер рет суретке түсумен тынғандар "пәленше қайтыс болыпты" деп жалаулататын әдет пайда болды", – деп жазады.
Маңғыстауда не болды?
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілер Каспий теңізіне батып кетті.
Алғашқы ақпаратта теңізге 19 әскери қызметші кеткені айтылған. Кейін Маңғыстау облысының әкімдігі деректі нақтылап, 17 әскери қызметші суға кеткенін хабарлады. Үшеуі құтқарылды. Қаза болғандардың арасында 19 жастағы мерзімді әскери қызметшілер де болған.
Каспийдегі қасірет. Қаза тапқан сарбаздардың туыстары мәйітхана күзетіп жүр
Маңғыстауда қаза тапқан сарбаздардың отбасына қалай көмек беруге болады? Бірыңғай оператор белгіленді