35 жылда бірінші рет ирандық әйелдерге футбол көруге рұқсат берілді
Әйелдерге Тегеранда өтетін Азия Чемпиондар лигасының финалына баруға рұқсат етілді. ФИФА қысымымен Иран билігі елдегі 35 жылдан бергі тыйымды уақытша алып тастады. Стадионға жиналған әйелдердің көбісі – жергілікті футбол клубындағы спортшылардың туыстары екен. Оларға футбол көру үшін ФИФА бірнеше жылдан бері Иран билігімен келіссөздер жүргізді.
Қазақстанда 1900 кәсіпорын өрт қауіпсіздігі бойынша тексерістен жалтарған
Олардың бәрі (2017 жылы 1100-і, 2018 жылы 800-і) атауын өзгертіп, не қайта құрылған. Мұндай жағдайда 3 жылға дейін тексеруден босатылады. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Қ.Қасымов заңнамаға өзгеріс енгізуді ұсынды. Кәсіпкерлердің жоспарлы тексерістерден қашуына жол бермеу керек дейді Министр.
Кемероводағы қайғылы оқиғадан кейін Қазақстанда 3 айдың ішінде 1244 нысан тексерілді. 15 құқық бұзушылық анықталып, 19 млн теңгеден астам сомада айыппұл салынған.
Астанадан Душанбеге қатынайтын жаңа рейс ашылады
14 желтоқсаннан Скат әуе компаниясы Қазақстан мен Тәжікстан астаналары арасында әуе қатынасын бастайды. Аптасына екі рет – жұма және жексенбі күндері CRJ-200 ұшағы Астана – Душанбе – Астана бағыты бойынша ұшады. Билеттерді әуе компаниясының сайты арқылы немесе агенттіктерден сатып алуға болады.
Төтенше жағдайлар комитеті қызметкерлерінің жалақысы кемінде 10 пайызға өседі
Ішкі істер министрі Қ.Қасымов осылай деп сендірді. Бұл мақсатта 2018-2020 жылдарға 4,3 млрд теңге бөлінген. Мәжіліс депутаты Дания Еспаеваның сөзінше, қазір саладағы аттестациядан өткен әрбір төртінші қызметкер 65 мыңнан 118 мың теңгеге дейін айлық алады. Онымен "7-20-25" ипотекалық бағдарламасымен баспана алу мүмкіндігі жоқ.Қазақстандықтар Түркияда визасыз 90 күн жүре алады
Түркия Президенті Р.Ердоған осындай жарлыққа қол қойды. Бұған дейін қазақстандықтар үшін Түрік елінде визасыз жүру мерзімі 30 күн еді. Жаңа ережеге сәйкес Қазақстан, сондай-ақ Өзбекстан мен Тәжікстан елдерінің азаматтары әр 180 күн сайын Түркияға 90 күнге визасыз кіре алады. Жарлық бір апта ішінде күшіне енеді.
Самал Еслямова ойнаған "Айка" фильмі Германияда бас жүлдеге ие болды
Байқауда 40 елден 190 фильм сынға түскен. Ресейлік режиссер Сергей Дворцевой түсірген фильм бас жүлдемен қатар қазылардың арнайы жүлдесіне ие болды.
Алматыда 1000-ға жуық автобус жүргізушісі біліктілік тестінен өтпей қалды
Олардың басым бөлігі – 45 жастан асқан. Кейбірі 10 жылдан бері жол қауіпсіздігі ережесін оқымаған. Мұндай тест жүргізушілер арасында алғаш рет өткізілген. Нәтижесінде олардың арасында тіпті компьютер тілін түсінбейтіндер анықталған.
"Көлік мамандарының біліктілігін арттыру орталығының" менеджері Раушан Серікжанның айтуынша, тестілеуден өтпеген жүргізушілер жұмыстан босатылмайды. Олардың бәрі қосымша курстардан өтуге жіберіледі.
Спорт және туризм министрлігінің бұрынғы жауапты хатшысы Қобыланды Мусин 3 жылға бас бостандығынан айырылды
Мұнымен қоса экс-шенеунік 300 сағатқа мәжбүрлі жұмысқа жегілетін болды. Ол сондай-ақ Dublin пабының иесі Айсұлу Жачинадан ұрлаған 1,8 млн теңгені 1 айдың ішінде қайтаруы тиіс. Сот шешіміне сәйкес айыпталушыға тұрақты мекен-жайын ауыстыруға, көңіл көтеретін орындарға баруға болмайды. Тәртібін бақылау пробация қызметіне жүктелді.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Baq.kz: Алдағы үш күнде аяз болады. 13-15 қарашада Қазақстан территориясының басым бөлігінде суық болады және жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Тек 15 қарашада күндіз ауа температурасы аздап жоғарылауы мүмкін.
Inform.kz: Ғалымдар кеш тамақтанудың қауіпті екенін анықтады. Адамның биологиялық ырғағының бұзылуы салдарынан жүрек-қан тамырлары ауруы мен диабетке әкеліп соқтыруы мүмкін. Америка кардиологиялық қауымдастығының ғалымдары 18-76 жас аралығындағы 12,7 мың латынамерикалықтың екі күн бойы денсаулығы мен тамақтану уақытын салыстырған. Зерттеушілер 18.00-ден кейін тамақтанатындарда қант деңгейі және қандағы инсулиннің деңгейі жоғарылағанын анықтаған. Кеш тамақтануды ұнататындардың 19% диабеталды және 23% гипертония дамуына бейім.
Ktk.kz: Instagram желісін көп пайдаланған адам күйзеліске ұшырауы мүмкін. АҚШ-тағы Пенсильвания университетінің психологтары әлеуметтік желіні ұзақ уақыт бойы қолданудың жалғыздық сезімін арттырып, депрессияға ұшырататынын анықтады. Мамандар өз зерттеуін 143 студент арасында жүргізді, олар Facebook, Instagram және Snapchat желілерін белсенді қолданатын жастар.