Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 пайыздық тармақ дәлізімен жылдық 18,0% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.
Ұлттық банктің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 12,3% болып, болжамға толық сәйкес келген. Инфляцияның қалыптасуына ең үлкен үлесті азық-түлік тауарлары қосты – 13,5%. Бұл, негізінен, ет пен май бағасының қымбаттауымен байланысты. Бағаның өсуіне өндіріс шығындарының артуы және экспорттық жеткізілімдердің жоғары болуы әсер еткен.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 11,1% деңгейіне дейін төмендеді. Бұл соңғы айларда теңге бағамының нығаюымен байланысты. Ал реттелетін тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифтерінің әкімшілік жолмен төмендеуі нәтижесінде ақылы қызметтер бағасының өсу қарқыны 12,0%-ға дейін баяулаған.
2025 жылғы желтоқсанда айлық инфляция 0,9% болып, біршама жеделдеді. Базалық инфляция 0,8% деңгейінде сақталып отыр.
Ұлттық банк инфляцияның негізгі факторы ретінде ұсыныс мүмкіндігінен асып түсетін ішкі сұраныстың жоғары деңгейін атап өтті. Сонымен қатар тарифтік реформаның және жанар-жағармай нарығын ырықтандырудың қайталама әсері баға мен инфляциялық күтулерге ықпал еткен.
Халықтың алдағы бір жылға арналған инфляциялық күтулері 14,7%-ға дейін өсіп, тұрақсыз күйінде қалды. Ал нарықтағы кәсіби қатысушылардың 2026 жылға арналған инфляция болжамы 10,8%-ға дейін жоғарылаған.
Әлемдік нарықта азық-түлік бағасы соңғы айларда төмендегенімен, әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Әсіресе дәнді дақылдар мен қант бағасының өсуі байқалады. Ресейде инфляция қатаң ақша-кредит саясатының нәтижесінде баяуласа, Еуропалық одақта тұрақты төмендеу үрдісі жалғасуда. АҚШ-та Федералды резерв жүйесі сауда саясатына байланысты инфляциялық тәуекелдердің артқанын атап өтіп, мөлшерлемені біртіндеп төмендетуді жалғастырып отыр. Сонымен бірге геосаяси шиеленістің күшеюі инфляциялық тәуекелдерді арттыруы мүмкін.
Ұлттық банк дерегінше, 2025 жылы Қазақстан экономикасы 6,5% өсім көрсетті. Бұл өсім көлік, құрылыс, сауда салаларында, сондай-ақ тау-кен өндірісі мен өңдеу өнеркәсібінде жоғары қарқынның сақталуымен байланысты.
USD:
500.5 / 503.5
EUR:
595.5 / 599.5
RUB:
6.51 / 6.63