БРИКС саммиті қарсаңында ұйымға мүше елдердің бірінші басшылары мен бизнес өкілдері Нью-Делиде өткен іскерлік форумда сауда байланыстарын нығайту, инвестиция тарту, өндірістік кооперацияны дамыту және цифрлық технологияларды кеңінен қолдану мәселелерін талқылады. Сарапшылардың пікірінше, бірлестіктің әлеуетін толық іске асыру үшін мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыспен қатар, бизнес пен адамдар арасындағы тікелей қарым-қатынасты күшейту маңызды.
Үндістан Іскерлік кеңесінің президенті Акашдип Сингхтің айтуынша, адамдар арасындағы байланыс – БРИКС ынтымақтастығының негізгі элементтерінің бірі. Оның айтуынша, тұрақтылық, инновация, ынтымақтастық және орнықты даму бизнес өкілдерінің өзара әрекеттестігімен тікелей байланысты.
"Орта деңгейдегі кәсіпорындарға арналған бағдарлама іске қосылады. Оның аясында конференциялар өткізіліп, марапаттар табысталады. Бұл компанияларға бір-бірімен байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Біз БРИКС елдерінің бизнес өкілдерін кездесулерге, пікірталастарға және диалогқа жинаймыз", – деді ол.
Сонымен қатар ол БРИКС-ке мүше басқа мемлекеттердің де цифрлық трансформацияға қосып отырған үлесін атап өтті. Қытай 5G желілерін, робототехника мен жасанды интеллектіні дамытса, Бразилия цифрлық мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруде. Оңтүстік Африка цифрлық дағдыларды дамытуға бағытталған бастамаларды жүзеге асырып жатыр.
БРИКС елдерінің көшбасшылары да экономикалық байланыстарды тереңдетудің маңызын атап өтті. Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди сауда шектеулерін азайтып, бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырудың маңызын айтты. Үндістанның БРИКС-тегі төрағалығы кезінде ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, кадр даярлау және ақылды энергетикалық желілер салаларында жаңа ынтымақтастық тетіктері іске қосылған.
Нарендра Моди сондай-ақ стартаптар мен шағын және орта кәсіпорындардың халықаралық нарықтар мен қаржыға қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған БРИКС инкубаторлар желісі, ШОБ порталы және стартаптардың инновациялық қоры сияқты бастамаларды атап өтті. Үндістанның UPI жедел төлем жүйесі де цифрлық қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттырудың мысалы ретінде көрсетілді.
Акашдип Сингх БРИКС экономикасында шағын компаниялардың да маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Оның пікірінше, мұндай "шағын алыптар" ірі кәсіпорындарды толықтырып, экономиканың тұрақтылығын арттырады.
Жиын барысында айтылған ұсыныстар БРИКС-тің экономикалық ықпалдастығын жаңа деңгейге шығаруға бағытталған. Сауда, инвестиция, өндірістік кооперация, цифрлық технологиялар және бизнес арасындағы тікелей байланыстарды дамыту бірлестік елдерінің жаһандық экономикадағы рөлін одан әрі күшейтуге мүмкіндік бермек.
Еске салайық, БРИКС саммитіне бүгін және ертең Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысады. Президент Нью-Делиде "Орнықтылықты, инновацияны, ынтымақтастық пен тұрақтылықты нығайту" тақырыбына арналған "аутрич"/"БРИКС+" форматындағы пленарлық отырыста сөз сөйлейді. Сапар аясында Үндістан премьер-министрі Нарендра Модимен келіссөз жүргізу, сондай-ақ бірқатар мемлекет және үкімет басшыларымен кездесу жоспарланған.