Атырау іргесіндегі ықшамаудан тұрғындары алты жылдан бері жол азабын тартып келеді

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Балалар мектепке батпақ кешіп баруға мәжбүр.

Атырау қаласының іргесіндегі Ақсай ықшамауданының тұрғындары алты жылдан бері жол мәселесін шеше алмай жүр. Күз бен көктемде көшелер батпаққа айналып, балалар мектепке жету үшін лай кешуге мәжбүр. Тіпті оқушылардың аяқ киімі бүлінбес үшін тұрғындар өз қаражатына ағаш тақтайдан уақытша жол төсеген. Жұрт қала әкімдігінен көмек сұрап, жауаптылардан нақты шешім талап етті, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Ақсай ықшамауданының тұрғындары көшелердің жағдайын тағы да көтеріп, жауапты мекеме өкілдерін шақырған. Айтуларынша, алты жылдан бері жол салу туралы уәде естіп келе жатқан жұрт мәселені өз күшімен шешуге мәжбүр болған. Тұрғындар ақша жинап, көшенің кей тұстарына ағаш тақтай төсеген. Өйткені жаңбыр жауған кезде жүру қиындап, әсіресе мектеп оқушыларының сабаққа қатынауы қиындайды.

Тұрғын Мұрат Құспановтың айтуынша, жақын маңдағы мектепке дейінгі қашықтық шамамен 500-700 метр болғанымен, балаларға ол жолды жүріп өту оңай емес. Күзде лайға батқан көшелермен жүру оқушыларға да, оларды мектепке апаратын ата-аналарға да қиындық туғызады.

"Өте қиын жолымызды көрдіңіздер ғой, тақтай салып алдық. Мына тұрған мектепке дейін 500-700 метр. Соған бару балаларға өте қиын. Үлкен кісілер де әрең шығады. Ертең наурыз-сәуірде балалар сабаққа баруды қояды. Оларды таситын ата-аналарға да қиын", – дейді Мұрат Құспанов.

Тұрғындардың сөзінше, көктем мен күзде кейбірі резеңке етік киіп, енді бірі аяқ киімін пакетпен орап жүруге мәжбүр. Ал көшелердің батпаққа айналуы егде жастағы адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тіпті қиын. Жеті қат жерге айналған жолмен жүру ғана емес, көлікке отыру да мұңға айналған.

Ақсай тұрғыны Гүлсім Мақұлованың айтуынша, жасы келген адамдар батпақ көшелерде жиі құлап, жүруге қиналады. Оның мүмкіндігі шектеулі баласын көлікке отырғызу да оңай емес. Ал шұғыл медициналық көмек қажет болған жағдайда жедел жәрдемнің ықшамауданға жетуі де мәселе туғызады.

"Аяғымызды алып жүре алмаймыз. Жасым 70-ке келгенде құлап, сұлап жатамыз. Одан қалды, мүгедектігі бар балам бар. Оны көлікке мінгізе алмаймыз, аяғын түсіре алмаймыз. Жедел жәрдем шақырсақ, ол анау жақта тұрады, мен мұнда тұрамын. Сонда қалай келуі керек?", – дейді тұрғын.

Жұрттың мәселесін тыңдауға келген жауапты мамандар көшелерге асфальт төсеу жұмыстары келесі жылға жоспарланғанын айтты. Қазір жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, қажетті қаржы мәселесі қарастырылып жатыр.

Атырау облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержан Хайноллаевтың айтуынша, жоба аясында Ақсаймен қатар Ақжар және Береке елді мекендеріндегі көшелер де қамтылады. Барлығы 69 көшеге асфальт төсеу жоспарланған. Жолдардың жалпы ұзындығы – 37 шақырым.

"Бұл жобада Ақсай ғана емес, барлық елді мекендер, оның ішінде Ақжар, Ақсай, Береке қамтылған. 69 көше қаралған. Жалпы ұзындығы 37 шақырымды құрайды. Жобаны 2027 жылғы жоспарға енгізу туралы ұсыныс бердік. Оны облыс әкімі қолдады. 2027 жылы мердігер мекемені анықтап, Ақсайдан жол салу жоспарланып отыр", – деді Ержан Хайноллаев.

Осылайша, жауапты мекеме өкілдері келесі жылы құрылыс жұмыстары басталатынын мәлімдеді. Ал Ақсай тұрғындары үшін бұл уәденің нақты іске асуы маңызды. Себебі алты жылдан бері уақытша тақтай жолмен күнелтіп келе жатқан жұрт енді көшелеріне асфальт төселуін күтіп отыр.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау