Қазақстанда интернет арқылы қысқы дөңгелек сатып алмақ болған азаматтар алаяқтардың құрбаны болуы мүмкін. Ішкі істер министрлігі арзан баға ұсынып, алдын ала төлем талап ететін сатушылардан сақ болуға шақырды.
ІІМ мәліметінше, алаяқтар интернет сайттарда, әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде қысқы дөңгелекті нарықтағы бағадан арзанға сататыны туралы хабарландырулар жариялайды. Өздерін сатушы ретінде таныстырып, тауарды брондау үшін алдын ала төлем жасауды немесе құнын толық аударуды талап етеді.
Азаматтарды асықтыру үшін олар тауарға сұраныс көп екенін, ал қоймада қалған дөңгелек саны шектеулі екенін айтады. Ақшаны алғаннан кейін байланысқа шықпай, телефон нөмірін бұғаттап тастайды.
Ведомство интернет арқылы қысқы дөңгелек сатып алғанда мына сақтық шараларын ескеруге кеңес берді:
- Тауарды алмай тұрып, бейтаныс сатушыларға алдын ала төлем жасамаңыз және толық соманы аудармаңыз.
- Нарықтағы бағадан тым арзан ұсыныстарға күмәнмен қараңыз.
- Дөңгелекті ресми дүкендерден немесе сенімді сауда орындарынан сатып алыңыз.
- Ақша аудармас бұрын тауардың бар-жоғын және жай-күйін тексеріңіз.
- Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз, банк деректері мен SMS-кодтарды ешкімге бермеңіз.
"Есіңізде болсын, арзан баға мен тез арада алдын ала төлем жасауды талап ету – интернет-алаяқтықтың белгілері болуы мүмкін. Егер алаяқтарға тап болсаңыз, бірден полицияға 102 нөмірі арқылы хабарласыңыз", – деп ескертті ІІМ.