Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жөніндегі ойларымен бөлісіп, алдағы мақсат-міндеттерге тоқталды. Мемлекет басшысы тәуелсіздік пен егемендікті қорғауға қатысты мәселелер әлі толық шешілмегенін айтып, қоғамдағы бірлік пен келісімнің маңызын атап өтті, деп хабарлайды Ақорда.
Президенттің айтуынша, Қазақстанның алдында әлі де көптеген өзекті міндет тұр. Оларды ойдағыдай орындау үшін, ең алдымен, қоғамда татулық пен ауызбіршілік болуы керек.
"Жұмысты ойдағыдай орындау үшін, ең алдымен, бүкіл қоғамымыз тату болуы керек. Бірлік пен келісім болмаса, ешқандай реформа және ілгерілеу болмайтыны айдан анық", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жаһандық сын-қатерлер күшейген кезеңде қоғамда талап пен тәртіпке басымдық беру қажет екенін айтты. Тоқаев қазіргі халықаралық ахуалға да тоқталды. Оның сөзінше, әлем елдері арасында жалған айыптаулар мен астыртын текетірестер күшейіп, ықпалды мемлекеттердің арасында өзара сенім дағдарысы пайда болған.
Президент бақылаусыз әрі жүйесіз көші-қон ағындары көбейгенін, бұл Еуропаның бірнеше елінің қауіпсіздігіне елеулі зиян келтіргенін атап өтті. Сонымен қатар ол Біріккен Ұлттар Ұйымының беделі үлкен тоқырауға ұшырап, халықаралық құқықтың құндылығы төмендегенін айтты.
"Қысқасы, қазіргі әлем бұлыңғыр дәуірге аяқ басты, оның келешегі қандай болатыны туралы саясаткерлер мен сарапшылар арасында біртұтас пікір жоқ. Күллі әлем жұртшылығы аласапыран кезеңде өмір сүріп жатыр десек, артық болмас. Мұндай күрделі, болжамсыз ахуал “қырғи-қабақ соғыс” кезінде де болмаған еді", – деді президент.