Астанада жасөспірім мопедпен полиция қызметкерлерінен қашуға тырысты. Оқиға түсірілген видео әлеуметтік желіде жарияланды. Полиция қызметкерлері бозбаланы тоқтатып, мопедті мамандандырылған айыппұл тұрағына қойды.
Оқиға Кенесары көшесіндегі филармония ғимаратының жанында болған. Полиция қызметкерлері гүлзар аумағында жүрген жасөспірімнің мопедіне назар аударған. Тексеру кезінде көлікте мемлекеттік нөмірдің жоқ екені анықталған.
Полицейлерді көрген бозбала мопедіне мініп, оқиға орнынан қашып кетпек болған. Ол тәртіп сақшыларының тоқтау туралы талабын елемеген. Жасөспірім Кенесары көшесімен жүріп өтіп, Сарыарқа даңғылына бұрылған. Кейін Сарыарқа даңғылы мен Абай көшесінің қиылысында полиция қызметкерлері оны тоқтатқан.
Жасөспірімнің заңды өкіліне әкімшілік хаттама толтырылды
Астана полиция департаментінің мәліметінше, кәмелетке толмаған баланың заңды өкіліне қатысты әкімшілік хаттама толтырылған.
"Кәмелетке толмаған баланың заңды өкіліне көлік құралын басқару құқығы жоқ адамға басқаруға бергені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Кәмелетке толмаған жасөспірімге профилактикалық түсіндіру жүргізілді. Скутер коммуналдық мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды", – делінген полиция департаментінің хабарламасында.