Астанада кореялық Numori фьюжн тобы қазақтың "Назқоңыр" әнін шырқады

Фото: Корей мәдени орталығы
Фото: Корей мәдени орталығы
Ал қазақстандық Saz&Soul корей халқының дәстүрлі "Ариран" әнін орындады.

Қазақстандағы Корея Республикасы елшілігінің Корей мәдени орталығы Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік академиялық концерттік ұйымымен бірлесіп, оңтүстіккореялық Numori фьюжн тобының өнер кешін өткізді.

Іс-шара Корея Республикасының Мәдениет, спорт және туризм министрлігі кореялық өнер ұжымдарының шетелдік гастрольдерін қолдау мақсатында жүзеге асыратын "Touring K-Arts" жобасы аясында ұйымдастырылды. Оның басты мақсаты – қазақстандық көрерменді дәстүрлі корей музыкасының заманауи қырларымен таныстыру, сондай-ақ жетекші мәдениет ұйымдары мен жергілікті өнерпаздардың ынтымақтастығы арқылы Корея мен Қазақстан арасындағы мәдени байланысты нығайту.

Қазақстан Республикасының күніне орай өткен мәдени іс-шаралар қатарындағы бұл өнер кешінде оңтүстіккореялық Numori және қазақстандық Saz&Soul вокалды-аспаптық тобы бір сахнада бас қосты. Қос ұжым ұлттық музыкалық мұраны заманауи әуендермен сабақтастырып, екі ел музыкасының өзіндік бояуын жаңа қырынан танытты.

Кеш шымылдығын Saz&Soul тобы ашып, қазақ музыкалық шығармаларын өзіндік мәнерде орындады. Одан әрі сахна төріне Numori көтеріліп, корей музыкасына тән дәстүрлі ырғақтар мен ұрмалы аспаптардың үнін рок, поп және электронды музыка элементтерімен шебер үйлестірді. Осы арқылы көрермен қауымға заманауи гугактың жарқын да өзіндік музыкалық әлемін ұсынды.

Фото: Корей мәдени орталығы

Бағдарламаның ерекше тұсы – қос ел өнерпаздарының бір-бірінің ұлттық музыкалық мұрасына ден қоюы болды. Saz&Soul корей халқының дәстүрлі "Ариран" әнін орындаса, Numori қазақтың "Назқоңыр" дәстүрлі туындысын өзіндік нақышта ұсынып, кештің көркін қыздырды. Екі ұжымның бір-бірінің ұлттық музыкасын өз мәнерінде орындауы Корея мен Қазақстан мәдениетіне деген өзара қызығушылық пен құрметтің жарқын көрінісіне айналды.

Көрермен қауым өнерпаздарды жылы қабылдап, қос елдің дәстүрлі музыкасын заманауи сипатта тыңдап, оның жаңа қырын таныды.

"Бұл өнер кеші қазақстандық көрерменге корейдің дәстүрлі музыкасымен жаңаша танысып, оның өзіндік үнін сезінуге мүмкіндік берді деп сенемін. Алдағы уақытта да Корея мен Қазақстан арасындағы мәдени алмасуды дамытуға және екі ел өнерпаздарының шығармашылық байланысын нығайтуға бағытталған іс-шараларды жалғастыра береміз", – деді Корей мәдени орталығының директоры Ли Джомхо мырза.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау