Алматыда Nomadgames, Sultangames интернет-сайттары мен олардың көшірмелері арқылы интернет-казино ұйымдастырған топтың қызметі әшкереленді. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, заңсыз ойын бизнесі арқылы 188 млрд теңгеден астам ақша айналымға түскен. Қылмыстық схеманы ұйымдастырушыларға банк саласының қызметкерлері де көмектескен.
ҚМА дерегінше, ойыншылардан түскен ақшаны қабылдау және аудару үшін топ төлем ұйымдарын, банк эквайрингін, POS-терминалдар мен интернет-терминалдарды, электрондық әмияндар және криптовалюта құралдарын қамтитын көпсатылы жүйе құрған.
Схемаға қатысқан банк қызметкерлері интернет-казиноны төлем инфрақұрылымына қосуды, міндетті тексерусіз шарттар жасауды және интернет-терминалдарға тиісті MCC-кодтарын беруді қамтамасыз еткен. Ақшаның нақты мақсатын жасыру үшін төлемдер букмекерлік қызмет пен кәсіпкерлікке қатысты операциялар ретінде көрсетілген. Соның нәтижесінде электрондық терминалдар арқылы 188 млрд теңгеден астам қаражат айналымға түскен.
ҚМА мәліметінше, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру үшін күдіктілер өздеріне тиесілі компанияны пайдаланған. Жалған шарттар арқылы компанияның есепшоттарына 10 млрд теңге аударылып, кейін бұл қаражат криптовалютаға айырбасталып, күдіктілердің криптоәмияндарына жіберілген.
"Қылмыстық жолмен түскен ақшаны заңдастыру үшін олар өз иелігіндегі компанияны пайдаланған. Жалған шарттар арқылы сол компанияның шоттарына 10 млрд теңге аударылған. Ал кейіннен бұл ақша криптовалютаға айырбасталып, күдіктілердің криптоәмияндарына аударылған. Тергеу барысында 19 млн USDT болатын криптовалюта анықталды", – деп хабарлады агенттік.
Сот санкциясымен күдіктілерге тиесілі үш пәтер мен алты көлікке тыйым салынды. Сонымен қатар 1,4 млрд теңге болатын криптоактивтер мен банк шоттарындағы қаражат бұғатталды.
ҚМА мәліметінше, екі күдікті қамауға алынған, тағы үшеуіне кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Қалған екі күдіктіден ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат алынған.
Қылмыстық іс сотқа жолданған. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейді.