"Өз үйім – өлең төсегім": "Ұмай" бағдарламасымен баспаналы болған әйелдер қуанышын бөлісті

"Ұмай" тұрғын үй бағдарламасы 3 қарашада басталады. Сурет ЖИ көмегімен жасалды
"Ұмай" тұрғын үй бағдарламасы 3 қарашада басталады. Сурет ЖИ көмегімен жасалды
Бағдарламаның екінші кезеңін жүзеге асыруға 20 миллиард теңге бөлінді.

3 қарашада Қазақстанда әйелдерге арналған "Ұмай" ипотекалық бағдарламасының екінші кезеңі басталады. Азия даму банкі бағдарламаны отандық қыз-келіншектер арасында кеңінен жүзеге асыру мақсатында Отбасы банкіне екінші транш ретінде 20 миллиард теңге бөлді.

"Ұмай" бағдарламасының басты артықшылығы – бастапқы жарна сомасы төмен. Бұл – өз күшімен қаражат жинап жүрген, бірақ жинағы толық жетпейтін әйелдер қауымы үшін таптырмас мүмкіндік.

Осы ретте біз бағдарламаның алғашқы мүмкіндігін пайдаланып, Қазақстанның түкпір-түкпірінде өз баспанасына қол жеткізген әйелдермен сөйлесіп, олардың баспаналы болу жолындағы тың тәжірибесіне құлақ түрдік.

Орал қаласының тұрғыны Қымбат Нұрғалиева – "Ұмай" арқылы жаңа қоныстың иесі атанғандардың бірі. Оның өз жеке баспанасы бар, бірақ көптен бері немересіне пәтер алып беруді армандап жүрген болатын. 

"Ұмай" бағдарламасының бір ыңғайлы тұсы – қосымша ақпарат берудің қажеті жоқ. Яғни, бақса баспанам бар ма, жоқ па, онда қанша уақыт тұрып жатырмын – ешқандай артық сұрақ болмады. "Ұмайдың" әйелдерге арналған бағдарлама екенін естіп, оған қатысып көргім келді. Бұл жаңа шаңырақты немереме арнап алдым және бағдарламаға қатысқаныма өте қуаныштымын", – деді ақ жаулықты әже Қымбат Сатыпалдықызы.

Ол пәтерді Орал қаласының инфрақұрылымы дамыған ауданынан таңдады. Жаңа баспана Орал қаласы, Зачаганск кенті, Мөңкеұлы көшесінде орналасқан, ай сайынғы төлемақысы да барынша ыңғайлы.

Қымбат Нұрғалиева осындай әйелдер қауымына арналып дер кезінде қолға алынған тиімді бағдарламаға ризашылығын білдіріп, болашақ ұрпағына, ұл-қыз, немерелеріне тиімді инвестиция жасағысы келген өзі сияқты әйелдерді бұл бағдарламаға қатысып, бағын сынап көруге шақырды. 

Ақтау тұрғыны Іңкәр Әлібаева "Ұмай" бағдарламасы туралы ол әлеуметтік желілерден және Отбасы банкінің хабарламаларынан естіп-білген. Басқа ипотекалық өнімдермен салыстырғанда, мұндағы бастапқы жарнаның қолайлы екені шешім қабылдауға негізгі түрткі болды.

"Басқа бағдарламаларда бастапқы жарна 20-50% аралығында болса, "Ұмайдың" шарты біз сияқты жинағы шектеулі жандарға үлкен көмек болды. Өтінім беру процесі де ұзаққа созылған жоқ. Оның бәрі ашық әрі тез ұйымдастырылды. Біз Ақтаудан өзімізге ұнаған жайлы пәтерді таңдадық. Қазіргі айлық төлеміміз бұрынғы жалдап тұрған пәтердің ақысымен бірдей десе де болады. Бірақ, ең бастысы, бұл – енді өзіміздің шаңырағымыз", – деп ағынан жарылды Іңкәр Әлібаева. 

Динара Сапарбекова отбасымен бірге

Ал шырайлы Шымкент қаласының тұрғыны Динара Сапарбекова "Ұмай" бағдарламасы арқылы тіпті ауданы 200 шаршы метр болатын жекеменшік жер үйге қол жеткізгенін айтты. 

"Мен "Ұмай" бағдарламасы арқылы ауданы 200 шаршы метр жер үйге ие болдым. Бұл бағдарлама ашылғанда оның шарттары маған сәйкес келгендіктен, қатысуды жөн көрдім. Одан бұрынырақ, 2024 жылы өз бетімше брокерлік саланы оқып, меңгеріп, тиімді пайызбен қалай үй алуға болатынын жан-жақты зерттеп, осы бағдарламаға дайындалдым. Алғашқы жарнамды жинадым, несие тарихымды тазалап, ретке келтірдім. Нәтижесінде үлкен шаңырақ – жер үй алып отырмын және оған өте қуаныштымын. "Ұмай" бағдарламасын қолға алып, дүйім жұртшылыққа қуанышқа бөлеп отырған Отбасы банкінің ұжымына шексіз алғыс білдіремін", – деді Динара Қалдыбекқызы. 

Динара Сапарбекованың жаңа шаңырағы

"Ұмай" бағдарламасы неге тиімді?

"Ұмай" бағдарламасының басты құндылығы – қолжетімділігі. Стандартты ипотекалық бағдарламалар көбіне жоғары бастапқы жарнаны талап етсе, "Ұмай" әйелдердің қаржылық мүмкіндігін ескере отырып, жеңілдетілген шарттар ұсынады. Бұл – жұмыс істейтін, тұрақты табысы бар, бірақ қомақты бастапқы капитал жинап үлгермеген әйелдерге арналған тиімді мүмкіндік.

Еске салайық, бағдарламаның жаңа кезеңіне қатысуға ниетті қазақстандық әйелдер 2026 жылдың 3 қарашасынан бастап несие өтінімдерін тапсыра алады. Екінші транш аясында бөлінген 20 млрд теңге жүздеген отбасының өз үйіне қол жеткізуіне мүмкіндік береді. 

Бағдарлама жайлы толық ақпарат алу үшін Отбасы банкінің кез-келген қаладағы өкілдігіне жүгінуге болады.  

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау