Балқаш көлінің су деңгейін сақтау үшін соңғы үш жылда оған 40 млрд текше метрге жуық су жіберілді. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, биыл көлге 9,7 млрд текше метрден астам су құйылған.
Ведомство дерегіне сәйкес, 2024 жылы Балқаш көліне 15,9 млрд текше метр су жіберілсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 13,9 млрд текше метрді құрады. Ал 2026 жылы көлге 9,7 млрд текше метрден астам су түскен. Балқашқа су Қапшағай су қоймасы арқылы жіберіледі. Ал су қоймасы трансшекаралық Іле өзенінің ағысын реттейді.
Министрлік мәліметінше, биыл Қапшағай су қоймасы 98 пайызға толған. Ал алдыңғы екі жылда су қоймасы толық көлемінің 100 пайызына дейін толтырылған.
Балқашты 2040 жылға дейін сақтау жоспары әзірленіп жатыр
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, Іле өзені арқылы Балқашқа келетін су көлемі жылдар бойғы орташа көрсеткішке сәйкес келеді. Бұл көлдің су деңгейін сақтау үшін маңызды.
"Балқашқа Іле өзені арқылы баратын су деңгейі жылдар бойғы орташа көрсеткішке сай. Бұл көлдегі су деңгейін сақтау үшін аса маңызды. Қазір Балқаштың су деңгейі – Балтық биіктік жүйесі бойынша теңіз деңгейінен 341 метр белгісінде", – деді министр.
Сонымен қатар Франция сарапшыларымен бірлесіп, Балқаш көлін 2040 жылға дейін сақтау жөніндегі бас жоспар әзірленіп жатыр. Далалық зерттеулер жүргізілген, қазір олардың нәтижелері талданып жатыр.