Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы 2026 жылғы жаһандық жолаушылар сауалнамасының (GPS) нәтижелерін жариялады. Зерттеу жолаушылардың мінез-құлқы мен күтулеріндегі үш негізгі үрдісті анықтады: биометриялық технологиялардың кеңінен таралуы және цифрлық паспорттарға қызығушылықтың артуы, жасанды интеллектінің сапарды жоспарлауға ықпалы және иммиграциялық талаптардың саяхаттауға кедергі келтіруі.
"Жолаушылар сапарды жеңілдету үшін технологияларды белсенді қолдана бастады. Жасанды интеллект саяхатты жоспарлаудың кең таралған құралына айналып келеді. Ал биометрия мен цифрлық сәйкестендіру әуежайдағы рәсімдерді жылдам әрі ыңғайлы етуге мүмкіндік береді. Дегенмен көптеген саяхатшы күрделі иммиграциялық және визалық рәсімдерге байланысты қиындықтарға тап болып отыр. Мемлекеттердің үкіметтері елге кіру талаптарын жеңілдету, құжаттарды қайта-қайта тексеруді жою, сондай-ақ қауіпсіз цифрлық жол жүру құжаттарын беруді және қабылдауды жеделдету арқылы бұл мәселені шеше алады", – деді IATA-ның операциялар, қауіпсіздік және қорғаныс жөніндегі аға вице-президенті Ник Карин.
Биометрия кең таралып, цифрлық паспорттарға қызығушылық артып келеді
Сауалнамаға қатысқан жолаушылардың оннан алтауға жуығы соңғы 12 айда биометриялық сәйкестендіруді кемінде бір рет пайдаланған. Бұл технологияны қолданғандардың қанағаттану деңгейі де ең жоғары көрсеткішке жеткен.
- Жолаушылардың 58%-ы соңғы 12 айда әуежайдағы сапар барысында биометрияны пайдаланған. 2025 жылы бұл көрсеткіш 50% болса, 2022 жылмен салыстырғанда 24 пайызға артқан.
- Биометрияны қолданып көрген жолаушылардың 87%-ы тәжірибеге қанағаттанса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 86% болған.
- Жолаушылардың 78%-ы әуежайдағы бақылау бекеттерінде паспортын немесе отырғызу талонын көрсетпей өтуге мүмкіндік берілсе, биометриялық деректерін бөлісуге дайын.
- Олардың 75%-ы әуежайдағы сапардың барлық кезеңінде автоматты түрде танылу үшін биометриялық деректерді алдын ала бір рет тіркеуді жөн көреді.
Сондай-ақ жолаушылар сапарды жеңілдету үшін цифрлық паспорттарды пайдалануға қызығушылық танытып отыр.
- 84%-ы онлайн тіркелу кезінде қағаз паспорттың орнына цифрлық паспортты пайдаланғысы келеді.
- 82%-ы билет брондау кезінде төлем жасалғаннан кейін әуе компаниясына цифрлық паспортын ұсынуға дайын. Бұл виза талаптары туралы ақпарат сияқты жекелендірілген қызметтерді алуға мүмкіндік берсе, олар мұны құптайды.
- 82%-ы цифрлық әмиянды, цифрлық паспортты және адалдық бағдарламаларының карталарын біріктіретін смартфон арқылы билет брондауға, төлем жасауға және ұшу мен келу кезінде әуежай рәсімдерінен өтуге қызығушылық танытады.
Сонымен бірге биометрияны енгізу кезінде оған деген сенімді сақтау маңызды. Жолаушылардың негізгі алаңдаушылығы – деректердің таралып кетуі (59%), ақпараттың басқа ұйымдармен бөлісілуі (49%) және жеке деректердің қалай өңделетіні туралы түсініктің жеткіліксіздігі (41%).
"Биометрияны қолданатын жолаушылар саны артып келеді. Олар бұл технологияны ұнатып, оны кеңінен пайдаланғысы келеді. Бұл жақсы жаңалық, өйткені оның пайдасы зор: жолаушылардың сапары жеңілдейді, ал үкіметтер мен әуе компанияларының рәсімдері тиімді әрі қауіпсіз бола түседі. Биометрияны халықаралық сапарлардың қалыпты бөлігіне айналдыру үшін мемлекеттер қауіпсіз цифрлық паспорттарды немесе цифрлық жол жүру құжаттарын беру мен қабылдаудың ортақ жүйесі жөнінде келісуі керек", – деді Ник Карин.
Жасанды интеллект жолаушылардың сапарын жоспарлау тәсілін өзгертіп жатыр
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, саяхатшылардың жартысына жуығы (49%) сапарды жоспарлау кезінде жасанды интеллектіні пайдаланған.
- 21%-ы белгілі бір бағытқа әуе билеттерін іздеу үшін жасанды интеллектіні қолданған. Бұл – ең кең таралған тәсіл.
- 19%-ы ең арзан әуе билеттерін табу үшін пайдаланған.
- 17%-ы қайда саяхаттауға болатыны туралы идеялар мен ұсыныстар алу үшін жүгінген.
"Адамдар сапарларын жоспарлау үшін жасанды интеллектіні пайдаланып жатыр. Сондықтан әуе компаниялары өз ұсыныстарының AI құралдарында көрінуін ғана емес, жасанды интеллектімен әңгімелесуден нақты брондауға оңай өтуге мүмкіндік беретін ыңғайлы тетіктерді де дамытуы маңызды", – деді Ник Карин.
Көші-қон талаптары саяхатқа кедергі келтіруде
Технологияларды қолдану артып келе жатқанына қарамастан, елге кіру талаптары саяхаттауға кедергі келтіретін факторға айналған. Сауалнамаға қатысушылардың 43%-ы иммиграциялық талаптарға байланысты белгілі бір елге барудан бас тартқан. 2025 жылы бұл көрсеткіш 33% болған.
Геосаяси қақтығыстарға байланысты белгілі бір бағытқа барудан бас тартқандардың 72%-ы мұның басты себебі қауіпсіздік екенін айтқан. Ал 13%-ы сапардың мүмкін болатын-болмайтынына қатысты белгісіздікті атаған.
Иммиграциялық талаптарды күрделі деп санағандардың 53%-ы рәсімдердің тым қиын екенін көрсеткен. Жеке деректердің құпиялылығына қатысты алаңдаушылық пен шығындар 17%-дан жинаған.
Жолаушылар визалық рәсімдердің жылдам, сапарды жоспарлаудың ертерек кезеңінде және цифрлық форматта орындалғанын қалайды.
- 86%-ы рәсімдерді жеделдету үшін сапарға дейін иммиграциялық ақпаратты цифрлық форматта бөлісуге дайын. 2025 жылы бұл көрсеткіш 83% болған.
- 45%-ы әуежайға жетпей тұрып иммиграциялық рәсімдерді аяқтауды жөн көреді. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 41% еді.
- 60%-ы визаға онлайн өтініш беруді қалайды. Ал 25%-ы консулдыққа немесе елшілікке барып өтініш бергенді жөн көреді.
"Жолаушылар визаға онлайн өтініш беріп, иммиграциялық рәсімдерді әуежайға жеткенге дейін аяқтағысы келеді. Электрондық визалар мұны жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Алайда әуе компаниялары оларды тиімді тексеруі үшін мемлекеттер ортақ стандарттарды қолдануы керек. Қазір 100-ден астам ел электрондық виза береді, бірақ оларды тексеру тәсілдері бірізді емес. Бұл мәселені шешуге қажетті құралдар бар, сондықтан үкіметтер оларды енгізуі керек", – деді Ник Карин.
"Жолаушылар сапарды жеңілдету үшін технологияларды белсенді қолдана бастады. Жасанды интеллект саяхатты жоспарлаудың кең таралған құралына айналып келеді. Ал биометрия мен цифрлық сәйкестендіру әуежайдағы рәсімдерді жылдам әрі ыңғайлы етуге мүмкіндік береді. Дегенмен көптеген саяхатшы күрделі иммиграциялық және визалық рәсімдерге байланысты қиындықтарға тап болып отыр. Мемлекеттердің үкіметтері елге кіру талаптарын жеңілдету, құжаттарды қайта-қайта тексеруді жою, сондай-ақ қауіпсіз цифрлық жол жүру құжаттарын беруді және қабылдауды жеделдету арқылы бұл мәселені шеше алады", – деді IATA-ның операциялар, қауіпсіздік және қорғаныс жөніндегі аға вице-президенті Ник Карин.
Қазақстандық тағы бір әуе компаниясы IATA мүшесі болды
Қазақстандағы әуе жолаушыларының саны бір жылда 40 пайызға өсті – IATA