Еліміздің солтүстігіндегі Прибрежный ауылында қаңғыбас иттер қораға кіріп, қойларға шабуыл жасаған. Тұрғындардың айтуынша, аш иттер ондаған малды жаралап, бірқатарын өлтірген. Төрт түлікпен күн көретін ауыл халқы жергілікті биліктен мәселені шешуді сұрап отыр. Олар қаңғыбас иттер адамдарға да шабуыл жасауы мүмкін деп алаңдайды, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Ауыл тұрғындарының бірі Айтжан Нұртазинаның айтуынша, иттер оның қорасына кіріп, 20 қойының 8-ін өлтірген. Тағы бір қойы жарақат алып, кейін өлген. Зейнеткер бастапқыда малға қасқыр шапты деп ойлаған.
Айтжан Нұртазина, Прибрежный ауылының тұрғыны:
8 қойды өлтіріп тастаған. Қып-қызыл қан болды. Бүгін тағы біреуі ақсап жүрген. Ол да өлді. Өзіміз де қорқамыз. Өте қорқамыз. Қаңғыбас иттердің көзін жою керек.
Прибрежный ауылында мұндай жағдайға тап болған отбасылар аз емес. Тұрғындар өлген малдың өлексесін қайда жіберерін білмей отыр. Олардың айтуынша, жараланған және өлген қойлардың етін пайдалануға да, сатуға да болмайды. Ал мал шаруашылығы – ауылдағы көптеген отбасының күнкөріс көзі. Жұрт қаңғыбас иттерді ату арқылы санын азайтуды талап етеді. Өйткені олар иттер енді адамдарға, әсіресе балаларға шабуыл жасауы мүмкін деп қауіптенеді.
Зоя Лейман, Прибрежный ауылының тұрғыны:
Түнде ұйқыдан айырылдық. Қорамызға кіріп, малымызды қырып кете ме деп қорқатын болдық. Түні бойы кезекшілік етеміз. Кішкентай балаларымыз да бар. Олардың болашағына алаңдаймыз. Иттің өмірі маңызды ма? Баланың денсаулығы маңызды ма? Соны түсінбеймін.
Жергілікті билік өкілдерінің сөзінше, қаңғыбас иттерді аулау жұмыстарын ветеринариялық станция жүргізеді. Қолданыстағы тәртіп бойынша, ұсталған иттер бес күннен кейін бұрынғы мекеніне қайтарылуы керек. Ал оларды атуға рұқсат жоқ. Әкімдік өкілі тұрғындарға малды жабық қорада ұстауды ұсынған.
Дәурен Рамазанов, Прибрежный ауылдық округінің әкімі:
"Енді қаңғыбас иттермен ветеринариялық станция айналысады. Олар келіп, аулап, алып барып, бес күннен кейін қайтадан орнына әкеліп қоюы керек. Ол иттерді атуға болмайды. Ең алдымен, адамға шаппасын деп түсіндіру жүргіземіз. Бірақ малдарды жабық жерлерде ұстау керек".
Тұрғындардың айтуынша, бір елді мекеннің өзінде 50-ге жуық малдың өлексесі шыққан. Жарақат алып, қорада әлсіреп жатқан қойлар да бар. Енді ауыл халқы облыстық билікке хат жолдап, мәселені шешуді талап етпек. Олар жағдай осылай жалғаса берсе, қорадағы малы түгел қырылып қала ма деп алаңдайды.