31 қазан мен 1 қарашада Алматыда кеңейтілген ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Оған Қазақстанның өңірлері мен Алматы қаласының фермерлері және тауар өндірушілері қатысады. Сатып алушыларға 400 тоннадан астам өнім орташа нарықтық бағадан 8-20 пайызға төмен бағамен ұсынылады. Бұл туралы қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы хабарлады.
Жәрмеңке Қазыбек би көшесінің Абылай хан даңғылы мен Панфилов көшесінің аралығында өтеді. Қала тұрғындары ет, көкөніс, жеміс-жидек, сүт өнімдері мен басқа да азық-түлік түрлерін тікелей өндірушілерден сатып ала алады.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жәрмеңкеге қатысушылар жалпы 400 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімін жеткізуді жоспарлап отыр. Оның ішінде:
- 170 тонна көкөніс;
- 100 тонна ет өнімдері;
- 70 тонна сүт өнімдері;
- 50 тонна жеміс-жидек.
Оқи отырыңыз: "Түнде ұйықтамаймыз". Солтүстік Қазақстанда қаңғыбас иттер 50-ге жуық қойды қырып кеткен
Өнімдер орташа нарықтық бағадан 8-20 пайызға төмен бағамен сатылады.
Өнімдерді тікелей сату тұрғындарға делдалдардың үстеме бағасынсыз жаңа жиналған көкөніс пен жеміс-жидекті және басқа да балғын азық-түлікті сатып алуға мүмкіндік береді. Ал отандық фермерлер үшін бұл – өнім өткізу нарығын кеңейтіп, тұтынушылармен тікелей байланыс орнатудың жолы.
Жәрмеңке Алматының азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, отандық өндірушілерді қолдауға және еліміздің өңірлерінен ауыл шаруашылығы өнімдерін тікелей жеткізуді дамытуға бағытталған.