2027 жылдан бастап микро және шағын бизнеске тағы да үш жылдық мораторий енгізіледі

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Президент Құрылтай мен Үкіметке арнайы тапсырма берді.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында шағын және орта бизнесті қолдау шараларын жетілдіру туралы айтты.

"Қалай болғанда да, мемлекет экономикамыздағы маңызды тапсырыс беруші болып қала береді. Сондықтан мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың сатып алуларына шағын және орта бизнесті тарту тәсілдерін жетілдіру қажет. Сатып алынатын тауарлар мен қызметтер көлемінің бір бөлігін шағын және орта кәсіпорындарға резервте қалдыруға болады. Сонымен қатар жеткізушілерге қойылатын талаптарды жеңілдету керек. Кәсіпкерлер үшін тұрақты "ойын ережелерін" қамтамасыз ету аса маңызды", – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік бақылау жүйесі әлі де кәсіпорындардың жұмысына ықпал етіп отырғанын сынады. 

"Мемлекеттік бақылау жүйесі біршама либералды болғанымен, айыппұлдар, жоспардан тыс тексерулер және шоттарды бұғаттаумен қатар жүретін камералдық бақылау арқылы кәсіпорындардың жұмысына әлі де ықпал етіп отыр. Мұндай ықпалды оң деп айтуға келмейді. Бір қарағанда, биылғы жылдың алғашқы жартысында жеке кәсіпкерлер тарапынан жіберілген заңбұзушылықтар саны 34 пайызға азайған. Алайда айыппұлдардың жалпы сомасы 11 пайызға жуық өсіп, жоспардан тыс тексерулер саны ондаған есе артқан. Ал іскерлік белсенділікті талдау бизнестің жұмысына кедергі келтірмесе де жеткілікті екенін көрсетеді", – деді мемлекет басшысы.

Осы тұрғыдан алғанда президент 2020-2023 жылдары микро және шағын бизнесті тексеруге енгізілген мораторийдің тәжірибесі оң нәтиже бергенін атап өтті.

"Құрылтай депутаттарына Үкіметпен бірлесіп, алдыңғы мораторийдің барлық оң және теріс тұстарын ескере отырып, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап тағы да үш жылдық мораторий енгізудің орындылығын талқылауды ұсынамын. Бұл қадамды бақылау-қадағалау жүйесін қайта іске қосып, оны цифрлық реттеу моделіне көшіруге мүмкіндік беретін стратегиялық үзіліс ретінде қарастырған жөн", – деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық баптар бойынша қылмыстық қудалауға ұшыраған кәсіпкерлерден әлі де өтініш түсетінін айтты. Сондықтан экономикалық құқықбұзушылықтарды одан әрі қылмыссыздандыру бағытында шаралар қабылдауды тапсырды.

"Кәсіпкерлерге, әсіресе, шағын және орта бизнеске тең мүмкіндік беріп, әділ бәсекеге жол ашу қажет. Кей жағдайда осы талап сақталмайды. Оған дәлел: қазірдің өзінде өндірушілер, әсіресе азық-түлік саласындағы кәсіпорындар бірқатар қиындыққа тап болуда. Тіпті, әдейі жасалған кедергілер де бар. Мысалы, импорттық тауарлардың құны қолдан төмендетіліп отыр. Ал отандық өнімдердің ішкі нарыққа шығу жолы әдейі шектеліп жатады. Шынын айтқанда, бұл – жемқорлық. Сондықтан осындай қитұрқы әрекеттерді тоқтату керек", – деді мемлекет басшысы.

Президент мұндай ахуал елдегі компаниялар мен тауардың бәсекеге қабілетін әлсірететінін айтты.

"Осындай іс-қимылдарға қатаң тосқауыл қоймасақ, экономикамызға зиян болатыны айдан анық. Басқаша айтсақ, бизнесті қорғау – ұлттық экономиканың дербестігін нығайту деген сөз. Ал бизнеске қолдан заңсыз тосқауыл жасау, бұл – мемлекетке қарсы жасалған қылмыс деп айтсақ артық болмас. Сондықтан кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін жетілдіру, яғни нығайту қажет. Бұл жұмысты сауда бірлестіктері аясында жүргізуге де болады", – деді президент.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау