Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажеттігін мәлімдеді. Мемлекет басшысы Құрылтай депутаттарына Үкіметпен бірлесіп, құжатты әзірлеуге тез арада кірісуді ұсынып, оны 2027 жылдың соңына дейін қабылдау керектігін айтты, деп хабарлайды Ақорда.
Тоқаевтың айтуынша, қазіргі жағдайда инновацияларды енгізу мен экономиканың бәсекеге қабілетін арттыруда құқық жүйесі маңызды рөл атқарады.
Мемлекет басшысы қолданыстағы Азаматтық кодекс 1990-жылдары қабылданғанын еске салды. Оның сөзінше, құжат нарықтық экономиканың негізгі институттарын қалыптастыруға, жеке меншікті қорғау қағидатын бекітуге және азаматтық қатынастардың құқықтық негізін құруға мүмкіндік берді. Алайда Президент соңғы 30 жылда қоғам мен экономика түбегейлі өзгергенін атап өтті.
"Дегенмен қанша жерден сапалы болса да, бұл Азаматтық кодекс өтпелі кезеңдегі экономика үшін әзірленді. Сол кезде озық технологиялардың заты түгіл, аты да жоқ болатын. Әрине, соңғы 30 жыл ішінде бүкіл әлем, соның ішінде қоғамымыз түбегейлі өзгерді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жаңа Азаматтық кодекс болашақ экономикаға көшу үшін қажетті құқықтық негіз қалыптастыруға тиіс екенін айтты. Оның пікірінше, бұл құжат кәсіпкерлердің, инвесторлардың және азаматтардың алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасап, құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
"Осының бәрін ескере отырып, болашақтың экономикасына байыппен көшуге құқықтық негіз болатын жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажет деп санаймын", – деді мемлекет басшысы.
Тоқаев Құрылтай депутаттары мен Үкіметке жаңа кодексті әзірлеуді тез арада бастауды тапсырды. Президенттің айтуынша, құжатты 2027 жылдың соңына дейін қабылдаған жөн.