Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елге инвестиция тарту жүйесін жетілдіру қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмысты бір орталықтан басқаруға мүмкіндік беретін тұтас жүйе құруды ұсынып, инвестиция мәселелерімен «Бәйтерек» холдингі белсендірек айналысуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ақорда.
Тоқаевтың айтуынша, әлемде инвестиция үшін бәсеке күшейіп келеді. Сондықтан Қазақстанға жедел шешім қабылдап, инвесторларды тарту және қолдау бағытында жылдам әрекет ету қажет. Алайда Президент елімізде инвесторлармен жұмыс істеу жүйесінде бірізділік жоқ екенін атап өтті. Оның сөзінше, мемлекеттік мекемелер мен жекелеген тұлғалар өз бетінше әрекет етеді, соның салдарынан үйлесімділік пен кешенді көзқарас жетіспейді.
"Сондықтан инвестиция тарту ісін бір орталықтан басқаруға мүмкіндік беретін тұтас жүйені жетілдіре түсу керек. Менің ойымша, баяғыдан сөреде жатқан мәселені, яғни инвестициялармен жүйелі түрде айналысатын мекемені анықтау керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
"Бәйтерек" холдингінің рөлі күшеюі мүмкін
Мемлекет басшысы инвестиция тарту саласында бірнеше мемлекеттік органға бірдей құзыреттер берілгенін, мұндай тәсілдердің қазіргі заман талаптарына сай келмейтінін айтты.
"Бәлкім, инвестицияға қатысты мәселелермен "Бәйтерек" холдингі белсендірек айналысқаны дұрыс шешім болар. Ал Экономика министрлігі, Сыртқы істер министрлігі инвестицияларға байланысты кейбір құзыретін орындауды жалғастырады", – деді президент.