Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялады.
"Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналуы тиіс. Әңгіме барлық өңірде ауқымды құрылысты бастау туралы болып отыр. Жаңа тарихи кезеңде бүкіл азаматтық инфрақұрылымды салып, жаңартамыз. Алдағы бірнеше жылда бұл серпін барлық аймақты қамтиды. Ең бастысы – халық қажетті әлеуметтік инфрақұрылыммен толық қамтылуы керек", – деді президент.
Бұл бағытта Атырау облысы жаңа бағдарламаларды қол қусырып күтіп отырған жоқ. Керісінше, ауқымды құрылыс кезеңіне қомақты инвестициялық қормен және нақты инфрақұрылымдық нәтижелермен қадам басып келеді.
Осы орайда, Атырау қаласының осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне көз жүгіртсек, мұнайлы астана үшін бұл тапсырмалар жаңадан басталып жатқан іс емес, біраз уақыттан бері үздіксіз жүріп жатқан жоспарлы жұмыстың заңды жалғасы екенін көреміз.
Атыраудың қаржылық көрсеткіштері бизнестің өңір болашағына сеніммен қарайтынын айқын дәлелдейді. 2026 жылдың тоғыз айында қаланың негізгі капиталына тартылған инвестиция 39,3%-ға өсіп, 491,4 млрд теңгеге жетті (былтырғы осы кезеңде – 328,7 млрд теңге). Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі де 218,7 млрд теңгеден асып, сенімді өсім көрсетті.
Қазір мұнда жалпы құны 207 млрд теңгеден асатын 17 ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Оның төртеуі ел игілігіне беріліп қойған:
- "INJU" медициналық кешені (3 млрд теңге);
- "КЕНЕН ИНТЕРНЕШНЛ КЕТРИНГ" ЖШС-нің стретч-худ пленка зауыты (13 млрд теңге);
- "АРУЖАН" супермаркеті (600 млн теңге);
- "Белкина" ЖК өндірістік-қойма базасы (950 млн теңге).
Жыл соңына дейін инвесторлар тағы 13 нысанды іске қосуды жоспарлап отыр. Олардың арасында "HuaLin Energy Ltd" ЖШС-нің 153,6 млрд теңгелік газ-поршеньді электр станциясы, Binom Barys салған 13,3 млрд теңгелік 2 000 орындық мектеп, сондай-ақ пластмасса, жылу алмастырғыш, ет өнімдері мен геотор шығаратын зауыттар бар.
Жолдар мен коммуникациялар: сапа – басты орында
Жол сапасы – Президент Жолдауындағы басты басымдықтардың бірі. Атырау қалалық әкімдігінің мәліметінше, қаладағы автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 1 634,9 км-ді құрайды, оның 95%-ына (1 553 км) асфальт төселген.
Бүгінде жұмыс басты магистральдардың бәрінде жүріп жатыр:
- Бейбарыс даңғылынан Атырау – Астрахань тас жолына дейінгі 2,4 шақырымдық жаңа жол ашылды;
- Еркінқала-2, Зарослый-1 және Алмалы ауылдарындағы 20 көшеге (15 км) жаңа асфальт төселді;
- Атырау – Астрахань трассасының 6,4 шақырымдық қалалық бөлігін жаңарту және Құттығай батыр көшесін жөндеу 100% аяқталды.
- Атырау – Индер трассасын кеңейту, сондай-ақ Азаттық, Молдағұлова, Абай және Гагарин көшелерін жөндеу жұмыстары жалғасуда;
- 100 қалалық көшенің 52 мың шаршы метр аумағына ағымдағы жөндеу жүргізілді.
Жолдармен қатар инженерлік желілер де жаңартылуда. Жыл соңына дейін Самал шағын ауданындағы 16 үйге (дайындығы 85%) және Берекедегі 216 пәтерлік 3 үйге (дайындығы 95%) коммуникация тартып бітіру жоспарланған.
Тұрғын үй алқаптарындағы серпіліс
Атыраудағы коммуналдық мәселелерді шешуде де ілгерілеу бар:
- Жұлдыз 1/2 шағын ауданында жоспарланған 66 шақырымның 61 шақырымына кәріз желісі төселді;
- Геолог және Мирас шағын аудандарында 26 шақырым құбыр толық төселіп, сорғы станцияларының құрылысы аяқталуға жақын. Нысан желтоқсанда іске қосылғанда, 8 180 тұрғын орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылады.
Сонымен қатар, бірегей "Ерік-Мостовой" жобасы қолға алынды: 16 шақырымдық ашық канал нөсерлік және суару жүйесі бар жабық гидрожүйеге айналдырылуда. Канал айналасы жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдары, саябақтары мен заманауи жарықшамдары бар жайлы демалыс аймағына айналады.
Әлеуметтік инфрақұрылым және халықты жұмыспен қамту. Атырау халқының саны 435 858 адамға жетті. Қала демографиялық өсімге сай инфрақұрылымды да дамытып келеді:
Білім беру: "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында Еркінқала-2, Көктем және Дамбы ауылдарында жаңа мектептер ашылды.
Тозығы жеткен мектептердің орнына тағы 4 жаңа білім ошағы жобалануда (оның ішінде әрқайсысы 1 500 орындық №11 және №30 мектептер бар).
Мектепке дейінгі тәрбие: 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту 100%-ға жетті. Соған қарамастан, Өрлеу, Талғайран, Құрманғазы, Жұлдыз-2 және Ақсай-2 шағын аудандарында тағы 5 жаңа балабақша салынып жатыр, ал 3 балабақшада күрделі жөндеу аяқталуға жақын.
Денсаулық сақтау: Өркен және Нұрсая шағын аудандарында ауысымына 250 адам қабылдайтын екі емхана, 3 жедел жәрдем бекеті және облыстық онкодиспансердің радиологиялық корпусы салынуда.
Құрылыс қарқыны шағын және орта бизнеске де жол ашты. Қалада 98 336 адамды жұмыспен қамтып отырған 41 787 ШОБ субъектісі бар. "Іскер аймақ", "Өрлеу", "Агробизнес", "Бизнес аймақ" бағдарламалары арқылы кәсіпкерлер жаңа жобаларға жеңілдетілген несие алуда.
Бұған қоса жұмыссыздық мәселесі де назардан тыс қалмайды: жыл басынан бері 14,4 мыңнан астам адам жұмыспен қамту шараларына қатысты, мүгедектігі бар азаматтар жұмысқа орналасуда, ал "Жасыл ел" бағдарламасымен ондаған жас қаланы көркейту мен көгалдандыруға үлес қосып жүр.
Осылайша, мемлекет басшысы жариялаған жалпыхалықтық құрылыс бағытын Атырау жоғары дайындықпен қарсы алып отыр. Қала әкімдігі хабарлағандай, мұнайлы өңірде тапсырмаларды орындау тұраламай, инвестиция мен мемлекеттік бағдарламаларды жаңа жолдарға, мектептерге, емханаларға және жайлы шағын аудандарға айналдыру жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда.