Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында заңсыз аңшылыққа қатысы бар деген күдікпен тоғыз шетел азаматы мен бір Қазақстан азаматы ұсталды. Қазір олардың оқиғаға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, заңсыз аң аулауы мүмкін адамдар мінген көліктер туралы бейнежазбалар алдымен әлеуметтік желілерде таралған.
Жазбалардағы автокөліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірлері бойынша олардың Шығыс Қазақстан облысында тіркелгені болжанған. Осыдан кейін "Охотзоопром" қызметкерлері қосымша ақпарат жинап, көліктердің Зайсан қаласында болуы мүмкін екенін анықтаған.
"Бейнежазбалардағы автокөліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірлері бойынша олардың Шығыс Қазақстан облысында тіркелгені болжанды. "Охотзоопром" қызметкерлері жедел түрде қосымша ақпарат жинап, аталған көліктердің Зайсан қаласында болуы мүмкін екенін анықтады. Бұл мәліметті олар табиғатты қорғау полициясына берді", – деп хабарлады министрлік.
Министрліктің хабарлауынша, сол күні сағат 22:10 шамасында Зайсан қаласында "Охотзоопром" инспекторлары полиция қызметкерлерімен бірлесіп, бейнежазбаларға қатысы болуы мүмкін үш жол талғамайтын көлікті тоқтатқан. Тексеру үшін тоғыз шетел азаматы мен бір Қазақстан азаматы ұсталған. 28 қазанда бұл дерек белгіленген тәртіппен тіркелді.
Қазір құқық қорғау органдары ұсталған азаматтардың заңсыз аңшылыққа қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.