Президент мемлекеттік аппаратты қағазбастылықтан арылтып, жасанды интеллект көмегімен басқару үдерістерін оңтайландыру қажет екенін айтты. Мемлекеттік қызметшілерге арналған жаңа әдеп қағидаттарын әзірлеп, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту жөніндегі кешенді жоспар ұсынуды тапсырды, деп хабарлайды Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, әрбір мемлекеттік мекеме өзінің өкілеттігін ғана емес, бүкіл мемлекеттік аппараттың жұмыс істеу тәртібін де нақты білуі керек. Ол басқару жүйесіндегі қайталанатын міндеттер мен қарама-қайшылықтарды жою үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануды ұсынды.
Президент мемлекеттік аппаратты қағазбастылықтан толық арылтып, шешім қабылдауға және елдің дамуына кедергі келтіретін рәсімдерді қысқарту қажеттігін атап өтті.
"Мемлекеттік қызметшілер кәсіби білікті, озық маман болуға тиіс. Өкінішке қарай, әзірге мұндай деңгейге жеттік деп айту қиын", – деді мемлекет басшысы.
Мемлекеттік қызметшілерге жаңа әдеп қағидаттары әзірленеді
Президент мемлекеттік қызметшілерге арналған жаңа әдеп қағидаттарын әзірлеу қажет екенін айтты. Оның сөзінше, мемлекеттік қызметшілер Конституция талаптарын басшылыққа алып, Отанына және халқына адал қызмет етуге тиіс.
Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесін реформалау жекелеген өзгерістермен шектелмеуі керегін атап өтті. Оның пікірінше, елге көзбояушылыққа жол бермейтін, құқықтық және қаржылық шараларды қамтитын шынайы реформа қажет. Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігіне 2027 жылғы 1 маусымға дейін мемлекеттік басқару жүйесін реформалауға қатысты кешенді жоспар ұсынуды тапсырды.
Президенттің айтуынша, мемлекеттік басқару жүйесін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіге негізделген жаңа экономика талаптарына бейімдеп, жаңғырту қажет.