Бонн университетінің ғалымдары секіргіш өрмекшілердің ұйқысы бірнеше кезеңнен тұратынын анықтады. Олардың бір кезеңі адам мен басқа омыртқалы жануарларда кездесетін жылдам көз қозғалысы (REM) ұйқысына ұқсайды. Бұл кезде өрмекшілердің көзі қозғалып, бұлшықеттері жиырылады. Зерттеу туралы Sciencedaily.com сайтында жазылған.
Зерттеу нәтижелері өрмекшілердің жай ғана қимылсыз жатпайтынын, олардың ұйқысы реттелетін әрі бірнеше кезеңнен тұратын күрделі үдеріс екенін көрсетеді. Бұл жаңалық ұйқының эволюциясы және жүйке жүйесі мүлде өзгеше жануарларда оның ортақ ерекшеліктері болуы мүмкін бе деген сұрақтарға жол ашады.
Бонн университетінің Ағза биологиясы институтының зерттеушілері бұл құбылысты австралиялық Portia fimbriata секіргіш өрмекшісін зерттеу барысында байқаған. Бұл – көлемі шағын болғанымен, аң аулау тәсілдері күрделі жыртқыш.
Аң аулау тәсілі ерекше кішкентай өрмекші
Ересек Portia fimbriata өрмекшісінің денесі шамамен бір еуролық тиынның көлеміндей. Алайда оның жемтігін аулау тәсілдері ғалымдардың ерекше қызығушылығын тудырады.
Көптеген өрмекшілер жәндіктерді ауласа, Portia туысына жататын түрлер басқа өрмекшілерді де қорек етеді. Олар жемтігін ұстау үшін түрлі айла қолданады. Мәселен, өрмекші торына түсіп, арпалысып жатқан жәндіктің дірілін қайталай алады. Осылайша, тор тоқитын өрмекшіні оңай олжа бар деп алдап, өзіне жақындатады. Алайда жемтігіне айналуы мүмкін өрмекші торға жақындағанда, оны аңдып отырған Portia шабуыл жасайды.
Мұндай күрделі мінез-құлық бұл өрмекшілердің үйрену қабілеті ерекше болуы мүмкін екенін көрсетеді. Сондықтан олар ұйқының жүйке жүйесі мен танымдық қабілеттерге байланысын зерттеуге қолайлы нысан саналады.
Ғалымдар өрмекшілер ұйқысының екі кезеңін анықтады
Ұйқы адам мен басқа омыртқалы жануарларда жан-жақты зерттелгенімен, жүйке жүйесі өзгеше тіршілік иелеріндегі бұл үдеріс туралы мәлімет әлі де аз. Зерттеушілер Portia fimbriata өрмекшілерінің ұйқысын және оның кезеңдерін анықтау үшін бірнеше күн мен түн бойы олардың мінез-құлқын бақылаған.
Нәтижесінде өрмекшілер ұйқысының бір-бірінен ерекшеленетін екі кезеңі бар екені анықталған. Олардың бірі адамдағы REM ұйқысына ұқсайды. Адамдарда бұл кезең көздің жылдам қозғалысымен, бұлшықеттер белсенділігімен және айқын түстер көрумен байланысты. REM ұйқысына ұқсас кезеңде өрмекшілердің көздері қозғалып, бұлшықеттері жиырылған. Бұл бұрын негізінен омыртқалы жануарларда зерттелген ұйқы ерекшеліктері өрмекшілерде де кездесуі мүмкін екенін аңғартады.
Дегенмен ғалымдар көз қозғалысы мен бұлшықет жиырылуының анықталуы өрмекшілердің түс көретінін дәлелдемейтінін атап өтеді. Зерттеу олардың ұйқысы бұрын болжанғаннан әлдеқайда күрделі болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Өрмекшілердің шынымен ұйықтайтыны қалай анықталды?
Зерттеу барысында ғалымдар әр өрмекшіні диаметрі 12 сантиметр болатын пластик ыдысқа орналастырып, оның бірнеше күн бойғы белсенділігі мен тынығу кезеңдерін әртүрлі жарық жағдайында бақылаған. Түнгі бақылау үшін инфрақызыл камералар қолданылған. Олар жарықты қоспай-ақ өрмекшілердің ұйықтау қалпын, тыныштық кезеңдерін және REM ұйқысына ұқсас қозғалыстарын жазып алуға мүмкіндік берген.
Зерттеушілер өрмекшілердің қимылсыз отыруы ұйқыны білдіре ме, әлде бұл жай ғана тыныштық күйі ме деген сұраққа да жауап іздеген. Ол үшін дыбыстық сигналдар беріліп, өрмекшілердің сыртқы әсерге қаншалықты жылдам жауап беретіні өлшенген. Бұл сынақтар ұйқыны қалыпты қимылсыздық күйінен ажыратуға көмектескен.
Сонымен қатар ғалымдар ұйқыдан айыру тәжірибесін жүргізген. Олар ұйқысы бұзылған өрмекшілердің кейін әдеттегіден көбірек тынығатынын, яғни жоғалған ұйқының орнын толтыруға тырысатынын тексерген. Бұл құбылыс ғылымда "ұйқының өтемдік артуы" деп аталады.
Мінез-құлықты бақылау мен тәжірибе нәтижелері Portia fimbriata өрмекшілерінің белгілі бір тәртіппен жүретін, бірнеше кезеңнен тұратын ұйқысы бар екенін көрсеткен.
Өрмекшілер түс көре ме?
Бонн университетінің зерттеушілері енді ұйқының, әсіресе REM ұйқысына ұқсас кезеңнің әртүрлі өрмекші түрлерінде қалай өзгеретінін зерттеуді кеңейтуді жоспарлап отыр. Ғалымдар зертханада бақыланатын өрмекшілердің ұйқысын табиғи ортада тынығатын өрмекшілермен салыстырып, қоршаған ортаның олардың мінез-құлқына әсерін де анықтамақ.
Тағы бір маңызды бағыт – ұйқы мен танымдық қабілеттердің байланысын зерттеу. Мамандар ұйқы кезінде өрмекшілер мен жәндіктердің миында қандай үдерістер жүретінін және ұйқының әр кезеңі үйрену сияқты қабілеттерге әсер ете ме деген сұрақтарға жауап іздейді. Сонымен қатар зерттеушілер климаттың өзгеруі мен адамның іс-әрекеті, әсіресе түнгі жасанды жарықтың өрмекшілер мен басқа буынаяқтылардың ұйқы ырғағына ықпалын қарастырмақ.
Әзірге зерттеу кішкентай секіргіш өрмекшілердің өзі күрделі ұйқы күйін бастан кешіретінін көрсетіп отыр. Олардың түс көретіні әзірге белгісіз. Дегенмен түнгі қозғалыстары ғалымдарға биологиядағы ең күрделі жұмбақтардың бірі – ұйқының табиғатын түсінуге жаңа мүмкіндік береді.
Ғалымдар құстардың ерлерге қарағанда әйелдерден көбірек қорқатынын анықтады
Қазақстандық ғалым қалай ым тілін жасанды интеллект арқылы сөйлетті