Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл өзгеріс 1,8 млн адамның, оның ішінде бюджет саласында жұмыс істейтін 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға мүмкіндік береді.
ЕТЖ мөлшерінің өсуі жұмысынан айырылу, бала күтімі, жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемдердің шекті сомасына, сондай-ақ әлеуметтік аударымдардың ең төменгі және ең жоғары мөлшеріне, міндетті зейнетақы жарналарының жоғарғы шегіне әсер етеді.
Жұмыссыздық бойынша төлемнің ең жоғары мөлшері қанша болады?
Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшері жеті ең төменгі жалақының 45%-ынан аспауға тиіс. ЕТЖ 110 мың теңгеге көтерілсе, жеті айлықтың сомасы 770 мың теңге болады. Демек, жұмыссыздық бойынша төлемнің ең жоғары мөлшері зейнетақы жарналары ұсталғанға дейін айына 346 500 теңгеге жетеді.
Бұл – барлығына бірдей кепілдік берілетін сома емес, төлемнің жоғарғы шегі. Нақты мөлшері әлеуметтік аударымдар жүргізілген табысқа және адамның әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты есептеледі.
Бала күтіміне байланысты төлем қанша болады?
Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бала бір жарым жасқа толғанға дейін төленетін ай сайынғы әлеуметтік төлем соңғы 24 айдағы орташа табыстың 40%-ы мөлшерінде есептеледі. Оның ең жоғары мөлшері жеті ЕТЖ-ның 40%-ынан аспайды.
Ең төменгі жалақы 110 мың теңге болған жағдайда төлемнің жоғарғы шегі айына 308 мың теңгені құрайды. Міндетті зейнетақы жарналарының 10%-ы ұсталғаннан кейін төленетін сома 277 200 теңге болады.
Бұл ретте төлемді есептеу кезінде бұрынғыдай есептік кезеңдегі табыс пен әлеуметтік аударымдардың мөлшері ескеріледі.
Жүктілік пен босануға байланысты төлем қалай өзгереді?
Жүктілік пен босануға байланысты біржолғы әлеуметтік төлем соңғы 12 айдағы орташа табыс пен еңбекке жарамсыздық демалысының ұзақтығына қарай есептеледі. Ұзақтығы 126 күн болатын стандартты демалыс үшін 4,2 коэффициенті қолданылады.
ЕТЖ 110 мың теңгеге көтерілген жағдайда төлемнің ең жоғары мөлшері зейнетақы жарналары ұсталғанға дейін 3 234 000 теңгені құрайды.
Зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың шегі қалай өзгереді?
5% мөлшерлеме бойынша есептелетін ай сайынғы әлеуметтік аударымдардың ең төменгі сомасы 4250 теңгеден 5500 теңгеге дейін, ал ең жоғары сомасы 29 750 теңгеден 38 500 теңгеге дейін өседі.
Бұл қаражат Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына түседі. Қордан жұмысынан айырылу, бала күтімі және басқа да әлеуметтік тәуекелдерге байланысты төлемдер беріледі. Жекелеген санаттар үшін арнайы есептеу тәртібі қолданылады.
Міндетті зейнетақы жарналары есепке алынатын табыстың 10%-ын құрайды. Оларды есептеу үшін ескерілетін табыстың ең жоғары мөлшері 50 ЕТЖ-мен шектелген. Сондықтан міндетті зейнетақы жарналарының жоғарғы шегі айына 425 мың теңгеден 550 мың теңгеге дейін артады.
Бұл өзгеріс табысы жоғары азаматтарға әсер етеді. Егер жалақы бұрынғы 4,25 млн теңгелік шектен төмен болса және өзгеріссіз қалса, зейнетақы жарнасының мөлшері бұрынғыдай болады.
Ең төменгі жалақының өсуі кімдерге көбірек әсер етеді?
Құрылтай депутаты Никита Шаталовтың пікірінше, ЕТЖ-ның көтерілуі ең алдымен бюджет саласындағы жалақысы төмен қызметкерлердің табысына әсер етеді. Олардың қатарында мектептер мен ауруханалардағы тазалықшылар және қызмет көрсетуші персонал бар.
"Көп адам салықты ең төменгі жалақы мөлшерінен төлейді. Бұл, әсіресе, бюджетке тәуелді қызметкерлерге қатысты, өйткені олардың жалақысы ЕТЖ-ға байланысты есептеледі. Әдетте, ең төменгі жалақының көтерілуі мемлекеттік сектордағы жалақысы ең төмен қызметкерлер жұмыс істейтін салаларға әсер етеді", – деді Никита Шаталов.
Оның айтуынша, жеке секторда жалақы көбіне мамандарға деген сұраныс пен олардың біліктілігіне байланысты белгіленеді.
Бұл өзгерістер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі мүмкін.
2027 жылдан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 110 мың теңгеге дейін көтеріледі
Түлектердің 40 пайызы мамандықты болашақ жалақысының мөлшеріне қарай таңдайды